Түлкібаста күзгі алма жинағы басталды

99

Түлкібас ауданындағы алма жемісін өсірумен айналысатын ірі шару қожалықтарының бірі «Кентау» ЖШС күздік өнімін жинай бастады. Жалпы алма бауының көлемі 231 гектарды құрайтын шаруашылықтың 188 гектары қарқынды жеміс берген. Мұнда гала, фуджи, голден делишес, старкримсон, легалина, айдарет сынды алманың 12 түрі өсіріледі. Серіктестік маусымды жұмыспен 100-120 адамды, ал тұрақты жұмыспен 40 адамды қамтып отыр. Тұрақты жұмысшыларға алма бауы маңынан барлық жағдаймен қамтылған арнайы жаттақхана қарастырылған. Сондай-ақ алма өнімін қыс мезгілінде сақтау мақсатында аталмыш шарушылықтың жалпы сыйымдылығы 2000 тонналық заманауи қоймасы бар. Бұл жерде сақталған жемістер қыс мезгілінде еліміздің түпкір-түпкіріне жеткізіліп саудаланады. Ауданда жалпы 8900 тонна өнімді сақтауға қауқарлы 6 қойма бар.

Аудан көлемінде алма бауды дамыту жылдан жылға қарқын алып келеді. 2020 жылға жеміс-жидектің көлемі 3335 га құрады. Мемлекетік бағдарламаға сәйкес, 2001-2019 жылдар аралығында отырғызылған алма бау көлемі 2578 гектарға жеткені. 2018 жылы аудан көлемінде рекордтық өнім 25 мыңнан астам тонна алма өнімі жиналған. 2019 жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл көрсеткіш 20 000 тоннаны құраған.

Биыл 100 га жерге алма отырғызу жоспарланса, бүгінгі таңда 78 га жерге алма бауы отырғызылды. Жалпы биыл жоспарланған 100 гектар алма бауының 50 гектарында қарқынды бау. Қалған жоспарланған алма көшетін егу жұмыстары күздің басқа айларында жалғасын таппақ.