Жүргізушілердің арасында «өнертапқыштар» да баршылық…

170

 

Бүгінде көшені космос деп ойлап, көлігін ұшыртып айдап, жол ережелерін пысқырмайтын пысықайлар жоқ емес. Ережені елемеген жағдайда жазаның ауыр болатынын білсе де, ескермейтіндер баршылық.

Аттың басын ағызатындарға қарсы қаншама алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай жуырда Түркістан облысына қарасты Арыс АПБ жергілікті полиция қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасын өткізуде.

Қармаққа түскендердің қатары аз емес. Полиция қызметкерлері 150 жол қозғалысы ережесін бұзушылықты анықтады. Ереже бұзғандардың жас шамасы да әртүрлі. Полиция қызметкерлері 1 мас жүргізуші мен көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін 1 тәртіп бұзушыны ұстады. Жылдамдықты асырған 4 жүргізуші, бағдаршамның тыйым салатын жарығына өткені үшін 2 жүргізуші, қарсы қозғалыс жолағына шыққан  1 жүргізуші, теміржол өткелдерінен өту ережелерін бұзған 3 жүргізуші құрыққа ілікті. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жүргізушілердің арасында «өнертапқыштар» да баршылық екен. Автокөлігін өзгеше етіп жабдықтап алған жүргізуші өз ісінің заңсыз екенін білмепті. Сондай-ақ, техникалық байқаудан өтуді қажет деп таппаған 12 жүргізуші анықталды. Көлік басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланудың аса қауіпті екендігін білсе де елемеген 12 жүргізуші ұсталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Аталған жедел-профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты да сол – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азайту болып табылады. Арыстық тәртіп сақшылары тек рейд кезінде ғана емес, жол ережелерін қатаң сақтауды күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады.

Айхан Мамырбаева