Түркістан қаласындағы Н. Төреқұлов және Сырғақ батыр көшелері аралығында тағы бір «Халықтық Жоба» жүзеге асуда. Ортағасырлық кезеңдегі дүниелерді ұштастыра отыра жасалынып жатқан орын аумақ тұрғындарының бір сәт демалар орнына айналады.
Себебі, бұл жобаны осындағы жергілікті тұрғындардың өздері жасаған.
Мұнда түрлі жастағы азаматтар үшін арнайы зоналар қарастырылған.
Атап айтсақ, балалар үшін ойын алаңдары, жастар үшін спорт алаңшасы, үлкен жастағыларға арналған зона және көгал, жарықшам, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орналастыру қарастырылған. Шығыстық үлгідегі бастырмалар да аллеяның көркін ашады. Қараханид дәуіріндегі сәулет өнерінің тамаша үлгісі — Махмұд Қашғаридің «Дөңгелек картасы» негізінде ашық аспан астындағы шағын мұражай ретінде жасалады деп жоспарланған.
Айта кетейік, аталған демалыс орнының құрылысы қараша айының соңына дейін аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілуі жоспарланған. Жалпы аумағы 1,5 гектарды құрайтын орында 30-ға жуық азамат жаңа жұмыс орнымен қамтылған.