Аида Балаева: «Барлық министр, әкімдер журналистерге ашық»

139

Биыл Қазақстандық БАҚ-қа грант ретінде 25 млрд. теңге бөлінген. Оның 900 млн. теңгесі республикалық бюджеттен қаралса, 24 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен.

Осылай деген еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрі президент жолдауында берілген тапсырманы орындау барысымен таныстырып өтті. Аида Балаева сөзінше, БАҚ-тың халыққа ақпарат жеткізуіне мемлекеттік органдар еш кедергі келтіріп жатқан жоқ.

Аида БАЛАЕВА, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: «Барлық министрлер, әкімдер халыққа да, журналистерге де ашық. Олардың арнайы блогтары бар, сайттары қызмет етеді. Кейбір мемлекеттік органдардың Телеграм арналары бар. Барлық келіп түскен сұрақтарға дер кезінде жауап қайтару мәселелері дұрыс жолға қойылған».

Ведомства басшысы карантинге байланысты БАҚ-қа көрсетілген жеңілдіктерді айтуды да ұмыт қалдырған жоқ. Сөзінше, қатерлі індетке байланысты биыл отандық телевизия және радио арналары салық төлеуден босатылған.

Назерке Үкібасова