Жұмыс іздеп жүрген адамдарға хабарлама! Не дипломы, не бір кәсіп оқыған куәлігі жоқ, бірақ жұмыс істеуге құлшынысы бар кез келген жан «Еңбек» бағдарламасына қатысып, қоғамдық жұмыс істеуіне болады. Бұған дейін осы бағдарлама аясында қоғамдық жұмыс істесе, ең төменгі жалақы мөлшерінде – 42 500 теңге төлейтін. Ал биылдан бастап еңбекақысы өсіп отыр. Жұмыс таба алмай жүрген адамдар үшін бұл да бір мүмкіндік.
20 000 жұмыссыз жас тіркелген
Түркістан облысы – халық саны жөнінен елімізде екінші орында. Статистикаға сүйенсек, демографиялық өсім жағынан көш басында тұрған өңір халқында жұмыссыздар да көп. Әсіресе, ауыл-аймақтарда жұмыс қат.
Карантин шектеулері екі қолға бір күрек таппай жүрген күнгейліктердің санын еселей түсті. Дені – жастар десек те қателеспеспіз.
Облыстық жұмыспен қамту орталығының берген мәліметіне сүйенсек, биылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мәлімет бойынша, орталықта «жұмыссыз» деп тіркелгендердің саны – 20 мың адамға жуықтаған.
Мамандар олардың көбі студент- жастар екенін алға тартады. Сөздерінше, жұмыс істеуге құлшынысы бар мұндай жастар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында әлеуметтік пайдалы қоғамдық жұмыстарға тартылады. Мемлекеттік мекемедегі мамандарға көмектеседі.
Қоғамдық жұмысқа қолына әлі диплом алмаған студенттер ғана емес, 16 жасқа толған, зейнет жасына дейінгі:
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
– Мамандығы бойынша жұмыс таппағандар;
–Халықты жұмыспен қамту орталығында 6 айдан астам есепте тұрған жұмыссыздар;
– Жазғы демалысқа шыққан жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сынып оқушылары қатыса алады.
Осылайша текке уақыт өткізіп, таң атырып, күн батырғанша, уақытша болса да, жұмысқа орналасып, өз нанын өзі табуына мүмкіндік алады. Ал мемлекеттік қызметкерлердің қолы ұзарады.
16 163 АДАМ ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСҚА ТАРТЫЛҒАН
— Жұмыспен қамтудың бұл түрі тұрақты жұмыс саналмайды. Бұл – мемлекеттік мекемелердің ұсынысы бойынша құрылған штаттан тыс, уақытша жұмыс орындары. Жұмысқа тартылатындар – тек көмекшінің қызметін атқарады. Сондықтан да мұнда мамандыққа мән бермейді. Бұл – кез келген мамандық иесі, тіпті ешқандай біліктілігі, дипломы жоқтар да қоғамдық жұмыстарға қатыса алатынын білдіреді,-дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашев.
Басқарма басшысының орынбасарының мәліметіне сүйенсек, биыл қоғамдық жұмыстарға 16163 адам тартылыпты. Алдағы уақытта тағы да 6496 адамға жолдама берілмек екен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп.
Сандарды сөйлетсек, 2019 жылы облыс бойынша — 5596 жолдама бөлінген.
Атап айтсақ,
Бәйдібек ауданы – 357 жолдама,
Жетісай – 436,
Қазығұрт – 476,
Келес – 235,
Мақтаарал – 545,
Ордабасы ауданы – 191,
Отырар ауданы – 224,
Сайрам – 433,
Сарыағаш – 291,
Созақ – 415,
Төлеби – 355,
Түлкібас – 404,
Шардара – 234
Арыс – 226,
Кентау – 433,
Түркістан қаласына – 306 жолдама беріліпті.
Байқағанымыздай, қоғамдық жұмыстың белсенді қатысушысы ретінде – мақтааралдықтар көзге түсіп отыр.
Бұған негіз де жоқ емес.
Былтыр қарастырылған 5596 жолдаманың көбін, яғни – 545-ін мақтааралдықтар алған.
Биыл 2329 мақтааралдық жұмысқа тартылып отыр.
2019 жылы — 436 жолдамаға қол жеткізген жетісайлықтар биыл белсенділік танытуда.
Бағдарлама аясына 1764 жетісайлық қоғамдық жұмысқа орналасыпты.
Тізімнің үшінші орнын сарыағаштықтар иеленіп келеді. Былтыр 291 жолдаманы місе тұтқан олар биыл 1586 жолдама алған.
Дегенмен былтыр жолдама алғандардың тек – 466-сы тұрақты жұмыспен қамтылса, биыл 174 адам тұрақты жұмысқа тұрыпты.
Мамандар жыл соңына дейін көрсеткіш өзгеруі мүмкін екенін айтады.
Биыл тұрақты жұмыспен қамтылғандардың – 36-сы ордабасылықтар, 30-ы қазығұрттықтар, 18-і Кентау қаласының тұрғындары болса,
2019 жылы жұмысқа орналасқандардың 98-і түлкібастықтар, 51-і созақтықтар, 43-і жетісайлықтар болған екен.
ЖАЛАҚЫНЫ МЕМЛЕКЕТ ТӨЛЕЙДІ
Нұржан Нұрашевтың сөзінше, қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматтардың жалақысы мемлекет есебінен төленеді.
– Жалақы 100 пайыз мемлекеттік бюджеттен төленеді. Былтыр оның мөлшері ең төменгі жалақыға, яғни 42500 теңгеге тең болды. Биыл соммасы біршама көбейді. Яғни, 69 мың теңге болып отыр,-дейді ол.
Айта кетейік, бағдарлама 1 жылға ғана есептеледі. Яғни жұмыс мерзімі келісімшартқа тұрған кезден, жыл соңына дейін ғана белгіленеді. Келесі жылы келісімшарт жарамсыз болады.
Мысалы, жұмысқа тамыз айында немесе қыркүйекте жолдама берілсе, желтоқсан айын қоса алғанға дейін жұмыс істейді. Сондықтан да неғұрлым ұзағырақ жұмыс істегіңіз келсе, келісімшартты соғұрлым ертерек жыл басында жасағаныңыз жөн.
1 адам қоғамдық жұмысқа — 4 жыл қатарынан қатыса алады. Қалауы бойынша 1 мекемеге немесе басқа мекемеге жолдама алуына рұқсат. Ал студенттер мен оқушылар үшін жұмыс істеу кестесі 29 тамызға дейін қаралған.
Айтпақшы, егер келер жылы аталған мекеме қайта қоғамдық орындарға ұсыныс жасаса, жұмыскердің қалауы бойынша келісімшарт мерзімін қайта жыл соңына дейін созуға болады.
Егер мекемеде штат ашылса және жұмысшы өзін жақсы қырынан көрсете алса, сол мекемеде тұрақты жұмысқа орналасуы әбден мүмкін.
Қоғамдық жұмыс орындарына қатысу үшін жұмыссыздар халықты жұмыспен қамту орталықтарына мынадай құжаттарды тіркей отырып өтініш береді:
– жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі;
– еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса);
– білім туралы құжат көшірмесі (бар болса).
Жұмыссыздық мәселесі қашан да өзекті. Әсіресе, дәл қазіргі жағдайда жұмыс табу оңайға соқпай тұр. Дипломы, біліктілігі, белгілі бір мамандығы жоқ жандарды айтпағанда, қос-қос дипломы бар қаншама жан екі қолға бір күрек таба алмай жүр.
Ендеше, осынау бір мүмкіндіктен қапы қалмаңыз.
Бәлкім уақытша бастаған жұмысыңыз, тұрақты жұмысыңызға айналуы әбден мүмкін.
АЙЖАН ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №39, 24 қыркүйек 2020 ж