«Ініміздің баласын бауырымызға басып, бақытты болдық»

199

Бес жыл бір перзентке зар болған ата-ана қазақ халқының «Бауырына» басу» дәстүріне жүгініп, сәбилі болғанын айтады. Әрбір қиыншылыққа төзімділік танытып, ең бастысы Жаратқаннан үміт үзбесе кез келген шаңырақ шаттыққа бөленетініне сенімді. Кейіпкеріміз жан сырын оқырмандарымызға әңгімелеп берді.

Бұл хатты жазу үшін ұзақ ойланбадым, өйткені тағдырлас әйелдер көп екен. Айналамдағы адамдардың кемінде бір танысы бір перзентке зар болып жүр. Жеті жыл бұрын біз де сәбилі болу үшін көптеген амал-тәсілге бардық.
«Әулиелі жердің барлығын араладым» десем артық айтқаным емес. Кейбіріне жолдасым екеуіміз бірге барсақ, енді біріне өзім барып қайтып жүрдім.
Күйеуім екеуіміз аз-кем таныстықтан кейін бірден шаңырақ көтердік. Жарты жылдай бір-бірімізді танып білген соң «махаббатымыз ерте өшіп қалмасын, бірден балалы болып, бар ықыласымыз сәбиімізге ауып кетпесін» деген ниетпен бір жылдай өзіміз үшін өмір сүргіміз келді.
Ата-анамыздан бөлек тұрдық. Қалада екеуміздің де жұмысымыз бар еді. Сондықтан келіскен тұрғыда «бір жылдан кейін бөпелі болсақ» деп шештік. Осылайша уақыт жылжып өтіп жатты.
Шыны керек, өте бақытты болдық. Бір күні анам: бұлай жасауға болмайтынын ескертті. Керісінше жас кезімізде дүниеге бала алып келіп, оларды тәрбиелеп алу қажет екенін түсіндірді. Егер бұлай жүре берсем, күйеуім менен суынып, кетіп қалу қаупі барын да айтты. Сол кезде отбасылы болғанымызға жарты жылдан асқан еді. Ойлана келе үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдап, «балалы боламыз» деп шештік.
Жан-жағымдағы адамдардың бәрі шешімімізді талқыға салып, өмірімізге араласа берді. Осы бір жайсыз жағдайдан да, алып қашпа сөзден де құтылғым келді. «Алып қашпа сөз» демекші туған-туыс пен таныстарымыздың арасында біреуі «мені бедеу екен» десе ендібірі күйеуіме кінә артып, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай әңгіме шығара бастады.
Жел сөз жерде жатсын ба, менің де құлағыма жетті.
Сондықтан балалы болғымыз келді. Бірақ қалауымыз орындала қоймады. Тұрмысқа шыққан соң, уақытылы дәрігерге қаралмағаннан болар бойымда қандай кінәрат бар екенін де білмегенмін.
«Бала көтеруге дайын болған кезімізде қараламын» деп ойлап жүре беріппін. Алайда бұлай болмады. Денсаулығымда әжептәуір кінәрат болып шықты. Содан кейін ұзақ уақыт ем қабылдауыма тура келді. Екі жыл аурухана табалдырығын тоздырдым. Арасында жолдасым екеуміз бірге ем алдық. Дәрігерлердің айтуынша, оның денсаулығында кінәрат жоқ. Аз уақыт танысып-білісіп шаңырақ көтерсек те арамызда шынайы сезім болды. Бір-бірімізді өте жақсы көрдік. Сондықтан да күйеуім менен бас тартпады. Барынша қолдауын аямады. Тіпті менімен бірге көптеген әулие жерді де аралады.
Сондағысы менің көңілімді қалдырмау еді. Арасында жұмысынан бос уақыт таппағанында өзім барып жүрдім. Осылайша ата-ана болуға асықпасақ та көп өтпей-ақ бір перзентке зар жұпқа айналдық. Өмірімнің қиын кезеңдері басталды. Көп жылайтын едім. Қабылдаған емнен де басқасынан да нәтиже шықпады.
Осылай жүргенде арадан зымырап 5 жыл өте шығыпты. Менің жүйкем тозып, тез ашуланатын болдым. Күйеуім өте сабырлы адам болса да арамызда жиі ұрыс-керіс бола бастады. Атам мен енем бізді үнемі сабыр сақтауға шақырды. Жолдасымның інісі мен келінім де бізде бәрі жақсы болатынына сендіруге тырысатын.
Бір жағы осындай таза ниетті жақындарымыздың шынайы тілеуі шаңырағымыздың шайқалмауына себепкер болған шығар. Күйеуімнің нағашы әжесі осылай қиналып жүргенімізді біліп, бізді үйіне шақырды. Шай-тамақ ішіп болған соң, бөлмесіне кіргізіп, көптен бері ойға алған шаруасын, халқымыздың дәстүрі арқылы балалы болуымызды қалайтынын айтты.
Сол кезде келініміз үшінші сәбиіне жүкті болатын. Сол баланы іште жүрген кезінен-ақ өз баламыздай қарап, «бауырына басу» дәстүрі арқылы алуымызды қалады.
Кейін келе аналық мейірім оянып өзіміздің де сәбиіміз болу мүмкіндігін жақсы сөздермен түсіндірді. Біз көп ойланып жатпадық. Бірден келісімімізді бердік, өйткені ол күйеуімнің туған інісінің баласы болса, сол әулеттің қанынан ғой. Жолдасым інісінің балалары десе ішкен асын жерге қоятынын көріп-біліп жүргені үшін менде қарсылық болмады. Мен де оларды қатты жақсы көремін. Қайным балаларының қажеттілігінен аянып қалмайтынбыз. Бастысы келінім мен қайным келісімін берсе, біз дайын екенімізді айттық. Сөйтсек, әжеміз олардың да рұқсатын алған екен. Содан кейін бізбен сөйлесуді жөн көріпті.
Сол кезден бастап күйеуім екеуміз өз баламызды күткендей қобалжыдық. Келінім бар жағдайын жасадым. Үнемі күтім көрсеттім. Бар қажеттіліктерін қамтамасыз еттім. Осылайша жақындарымыздың қолдауымен біз де балалы болдық.
Сәбиді алғаш қолымызға салған сәттегі сезімді айтып жеткізе алмаймын. Тек қуаныштан жылай бердім. Біз баламызды перзентханадан тіке үйімізге алып кеттік. Содан өміріміздің мәні де сәні де сол бала болды. Оның небір қызық қылықтарына қарап, мәз болумен уақытымыз өте бастады.
Отбасымызға сәби келгелі шаңырағымызға ерекше жылулық қайта орнағандай болды. Жан-жарым екеуіміздің арамызда бәрі жақсарғандай. Жақындарымыз да бақытты.
Мен баласын алған соң, алмай тұрып та келінімнен бірнеше рет сұрадым. Ол сәбиін шын ниетімен беріп, бізге сеніп тапсырғанын жеткізді. Келінімнің шынайы ниетінен болар тұңғышымыз 2 жасқа келгенде мен Алланың құдіретімен жүкті болдым. Алғашында мүлдем сене алмадық.
Ата-анамыздың айтуынша, тұңғыш сәбиімізді алған соң менің бойымда шынайы аналық сезім оянған. Бұл болжаммен мен де келісемін. Расында тұңғыш баламызды қолыма алған сәттен бастап мүлдем басқа адамға айналдым. Жаратқанның қалауымен араға 9 ай салып, сәбиімізді дүниеге алып келдім.
Ол – біздің екінші баламыз. Тұңғышымыздың орнын ешкім ешқашан баса алмайды. Біз оны қазақи дәстүрмен «майкөтен» бала деп еркелететінбіз. Үлкеніміз біздің отбасымызға өзімен бірге құт-береке алып келді. Жолдасымның қызметте де жолы бола бастады. Табысы артты. Онсыз да жаман емес еді. Тіптен жолы болды.
Екі балапанымыздың тәрбиесімен үйде отырдым. «Әр бала өз несібесімен келеді» демекші бізде бәрі жақсы бола бастады. Осы жақсылықтың бәрі үшін Жаратқанға тек шүкіршілік етумен болдым.
«Қазақ айтса, қалт айтпайды» дейді ғой. Әрбір дәстүрдің өзіндік мәні мен астары барын түсіндім. Соған дейін ара-арасында еміс-еміс құлағым шалғаны болмаса бұл дәстүрге мән беріп кетпеген едім.
Жағдайды бізге айтып, түсіндіргені үшін әжемізді үнемі еске аламыз. Ол кісіге тек алғыс білдіреміз. Шынын айтқанда, «сол баланы дәстүр бойынша бауырларыңа басыңдар» дегенінде «кейін балалы боп кетермін» деп мүлдем ойламадым.
Сол сәбиіміз болатыны қуантты. Балапанымызды өзімнің жатырымды жарып шыққандай қатты жақсы көргенімнен – Жаратқан менің жақсы ана бола алатынымды көрген болар, маған тағы сәби нәсіп етті.
Қазір шүкір бақытты отбасымыз. Шаңырағымыздың шаттығы үшін қашан да дұға етіп келемін.
Бұл хатты жазудағы себебім, бір перзентке зар болып жүрген әйелдерге айтарым, қазағымыздың осы бір қасиетті дәстүріне жүгініп көріңіз. Ең бастысы Жаратушы иемізден үміт үзбеңіз.
Әрбіріңіз ана бақытына лайықтысыз.

Жазып алған –
Жанерке ХУМАР