Түркістан облысы Келес ауданының тұрғыны Айбек Сарибаев мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, көптен бері ойында жүрген бизнес жоспарын жүзеге асырды.
Ол «Бастау бизнесі» бағдарламасы бойынша оқып, сертификат алды. Сосын жас кәсіпкерлерге қолдау ретінде берілетін 505 000 теңге қаржылай грантты иеленді. Сол ақшаға анар жемісінің дашка бад, қува атты сорттарының 80 түп көшетін сатып алған.
Жас бағбан бұл көшеттерді өзінің үй ауласындағы 10 соттық жерге отырғызған. Былтырғы жылы егілген көшеттерінен биыл алғашқы өнімін алып отыр. «Бұл жемістің көшеттерін Өзбекстан Республикасы Ферғана облысынан алып келдім. Бірінші жылы әрбір түбі 2-3 дана өнім берсе, биыл 5-6 келіден өнім беруде. Бұл субтропикалық жемістің басқаларынан ерекшелігі құнын жоғалтпайды және көктем мезгіліне дейін сапасын жоғалтпай сақтауға болады. 3-4 жылдан кейін жеміс ағаштарының әр түбі 50 келіге дейін өнім беретін болады», – деді кәсіпкер А.Сарибаев.
Айта кетейік, Өзбекстан Республикасының тумасы А.Сарибаев атамекеніне қоныс аударып, осында кәсіп бастауды бала күнінен армандаған. Ол сол арманының орындалуына кәсіпкерлерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаның көмегі көп тигенін жасырмады.