КСРО төлқұжатымен жүрген 235 адам ҚР азаматының төлқұжатын алды 

174

 

Бүгінде құқықтық сауаттылықты арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Азаматтар бұл тарапта кімнен көмек боларын білмейді. Осы тектес мәселелердің орын алмауы үшін тәртіп сақшылары ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.

Осыған орай, күні кеше Түркістан облысы Полиция департаментінде КСРО кезінен бері құжат алмаған азаматтарға көмектесу мақсатында арнайы түсіндірме жүргізу үшін брифинг ұйымдастырылды. Брифингке ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары полиция полковнигі Сейтжанов Сабыржан Жарылқағанұлы, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Дживага Денис, «Сана сезім» үкіметтік емес ұйымының директоры Шахноза Хасанова, заңгер Элина Еникеева және Түркістан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Есенғали Бейсебаевтар қатысты.

Қатысушылар құжаттандырылмаған азаматтарға ҚР-ның азаматы ретінде төлқұжатты қалай рәсімдеуге болатындығы жөніндегі мәліметтермен бөлісті. Сонымен қатар ТО ПД-нің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы желі қолданушыларынан түскен сауалдарға жауап берілді.

Жалпы 2020 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы бойынша 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжаттардың негізіндегі құжаттармен жүрген 92 және 18 жастан асқан 235 адам Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаттарымен құжаттандырылды.

Сонымен қатар, елімізде өткізіліп жатқан «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында облыстық полиция қызметкерлері құжаты жоқ тұлғаларды анықтап, құжат алуына қажетті көмектер көрсетуде. Оған қоса полицейлер арнайы мобильдік топ құрып жүріп тұруы қиын қарт кісілерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды ешқайда сандалтпай-ақ тұрғылықты мекенжай бойынша барып, суретке түсіріп, ол адамдарды құжаттарды рәсімдеп, үйлеріне алып барып беру арқылы игі іс шараларды атқаруда.

Нәтижелі жұмыстардың аясында бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде 38 адам Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын анықтайтын құжаттарын алды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар әлі да жалғасын табатын болады.

Берік Есебаев