Миллион теңге мен бағалы заттарды ұрлап кеткен күдікті ұсталды

194

 

Бүгінде қылмыстың алдын алу үшін тәртіп сақшылары күн, түн демей жұмыс атқаруда. Амалына айла таптырмас ұрылар пәтер тонау «кәсібіне» құрық бойлатпай тұр.

Түркістан облысына қарасты Кентау қалалық ПБ-нің кезекші бөліміне қала тұрғындарының бірі кешке белгісіз тұлғалар үйіне кіріп, ақша, алтын бұйымдар мен басқа да бағалы заттарды ұрлап кеткені туралы хабар берген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «ұрлық»бойынша СДТБТ-ға тіркеген. Жәбірленушіге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен миллионға жуық теңгені құрады.

Ұрлықты ашу мақсатында қалалық полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қылмыс болған жерді мұқият тексеріп, куәгерлермен сұхбаттасып, бейнебақылау камераларын тексеріп, жақын маңдағы барлық көшелер мен аулаларды аралап шықты.

Екі тәуліктен кейін жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері ұрының ізіне түсіп, күдіктіні ұстады. Ол Кентау қаласының тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай, үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушінің үйіне ашық терезе арқылы кіріп, сол жерден құнды заттар мен ақшаны ұрлап кеткен. Содан кейін күдікті алтын бұйымдары сатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған, соның ішінде қарыздарын төлеген.

Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Заттай дәлелдемелер ретінде ұрланған мүліктің бір бөлігі заңды иесіне қайтарылды. Күдікті қамауда. Тәртіп сақшылары оның басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.