Мұрат Әйтенов: Базардағы берекесіздікті кім тоқтатады?

491

Шымкенттегі халқы көп, ең ауқымды ауданды басқарып отырған Бұқарбай Парманов 9 айда атқарған жұмыстарын тізбектеп шықты. Айтуынша, атқарылған жұмыстар аз емес, проблемалар да шаш етектен. Ауданның түйікткілі – коммуналдық мәселелер. Әсіресе, бұл қала аумағына кейінгі жылдары кірген шағынаудандарда әлі күнге дейін шешілмей отыр.

Ал базарлардағы берекесіздікке шенеуніктер де, тәртіп сақшылары да қырын қарайды. Мәселен, бүгінде Жабық базарда құстың саудасы қыз-қыз қайнап тұр. Бүгінгідей құс тұмауы өршіп тұрған шақта мұнда санитарлық талаптар өрескел бұзылуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жабайы саудамен күресуді не әкімдіктегілер, не полицейлер жарытпайды дейді.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Мұны басқарма да, полиция да біледі. Заңсыз екенін біле тұра қарап отыр. Ешкім тоқтататын емес».

Аудандағы сыйқы қашқан тұрғын үйлер де қала көркін қашыруда. 300 мыңнан астам халқы бар ауданда 100-ден астам баспананы жаңарту қажет екен. Қала басшысы мұны қосымша инвестиция тарту арқылы шешуді ұсынды.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Инвесторлар іздестіру керек. Құрылыс компанияларымен келісім жасасу керек. Мұны аудан әкіміне тапсырамын».

Дегенмен, ауданда салық жинау жұмыстары ойдағыдай. Мемлекеттік кірістер көлемі артып келеді. Алайда, көлік салығын жинауда шенеуніктер шабандау. Мұрат Әйтенов аудан көрсеткішін артқа тартқан осындай түйіткілдерді жыл аяғына дейін шешуді тапсырды.

Мақпал РЫСБАЕВА