Қазақстанда судьялардың жалақысы қанша?

249

Қазақстан сотында 14 пайыз судьяның орны бос тұр. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының өкілі мәлімдеді.

Айдос Садуақасов сөзінше елімізде 2684 судья болуы қажет. Бірақ, бүгінде оның 2400 ғана қызмет атқарып жүр. Баспасөз хатшысы сот алқалары алатын жалақыны да жасырып қалмады. Айтуынша, фемидалардың орташа айлығы 400 мың теңгеден басталып, 900 мың теңгеге дейін барады.

Айдос САДУАҚАСОВ, ҚР Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы: «Бос орындар – 14 пайыз. Судьялардың еңбекақысы олардың еңбек өтіліне байланысты белгіленеді. Қазіргі кезде аудандық деңгейдегі судьялар орта есеппен 400-500 мың теңге төңірегінде, облыстық деңгейдегі судьялар 600-700 мың теңге, Жоғарғы сот судьялары 800-900 мың теңге төңірегінде алады».

Бұдан бөлек, журналистермен онлайн кездескен судьялар БАҚ пен әлеуметтік желідегі жанжалдың сотқа тікелей қысым көрсететін де жеткізді. Сөздерінше, тараптардың қоғамды өз жағына тарту мақсатындағы хабарламалар іске кері әсерін тигізеді.

Айдос САДУАҚАСОВ, ҚР Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы: «Кейбір құқық қорғау органдары адамды ұстағаннан кейін бірден бейнежазбалар жариялап, БАҚ-қа ақпарат береді. Мұның бәрі қылмыстың дәлелденген фактісі ретінде ұсынылады. Бірақ ол адам сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана кінәлі деп танылады, кінәсіздік презумпциясы бар екенін ұмытпаңыздар. Мұндай істер сотқа жіберіледі және дәлелдер өте аз болып шығады. Кейіннен прокурор айыптауды өзгертеді немесе одан бас тартады. Көп жағдайда, шешім қабылдау үшін жауапкершілік судьяларға жүктеледі».

Назерке Үкібасова