4 қазанда өткен Парламент сайлауының соңы Қырғызстанда осындай көтерілістің басталуына әкеп соқты. Сайлау нәтижесімен келіспеген жұрт үндерін жеткізу үшін көшеге шыққан. Бірақ, бейбіт түрде басталған шеру келісіммен аяқталған жоқ. Керісінше, жұрт наразылығы ушыққан үстіне ушығып, ақ үйді өртеп тынды. Тіпті олар қазіргі Президент Сооронбай Жээнбековтің отставкасын талап етті.
Қазіргі президент отыратын орталыққа келген тұрғындар өз күшін көрсетіп қана қоймай, өз дегенін жүргізуге де тырысқандай. Шақыртусыз келген қонақтар шай ішіп, мемлекет басшысының суретін талқандады. Былықтың бәрі мұнымен бітпейді. Осыдан кейін көтеріліске шыққан жұрт 11 жылға сотталған экс-президентті босатуға бет алды.
Алмазбек Атамбаев, Қырғыз Республикасының бұрынғы Президенті: «Революцияның барлығын әлдебір күштер емес, халық істейді. Себебі билік оларды осыған жеткізеді».
Бір түнде болған бұл былықтан кейін мемлекеттік қазіргі президенті ақыры үн қатты. Және елде төтенше жағдайдың жарияланғанын мәлімдеді. Осыдан кейін бауырлас елдің билігі мен халқы бітімге келмесе де, ушыққан жағдай әлдеқайда басылған.
Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті: «Құрметті отандастар, кеше саяси күштер мемлекеттік билікті заңсыз тартып алу әрекетін жасады. Сайлауды сылтау қылып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Қан төгілмесін, ешкімге залал келмесін деп күш органдарына оқ шығармаңдар деп бұйрық бердім».
Айта кетейік, Қырғызстанда орын алған төңкерістің бұл алғашқысы емес. Осыдан 15 жыл бұрын бауырлас ел дәл осындай екпінмен алғашқы президенті Асқар Ақаевты тағынан тайдырған еді. Ақаев Ресейді паналап, оның орнына келген Құрманбек Бакиев кейін Беларусияға қашып құтылды. Ал, кешегі төңкерісте түрмеден босатылған экс-президент Алмазбек Атамбаев темір торға қайта қамалды.
Бақыт БАКЕТАЕВ, қырғызстандық саясаттанушы: «Алаңға кім шығып айғайласа, сол жиналған адамдардың психологиясына әсер етіп, өзіне тартады. Сөзіне сендіреді. Ертең Швейцария болады деп айғайлайды. Нақты экономикалық негізі жоқ уәделер. Құр сөз, жылтыр сөз, құрғақ уәде. Сол себептен біз басқа елдерден артта қалып келеміз. Тұрақтылық алдымен тұрғындарға, азаматтарға керек».
Айта кетейік, Қырғыз Республикасының бүгінде 6 млн азаматы және 12 партиясы бар. Ал, депутаттарының саны — 2000. Оның 300-і сотты болғандар екен.
Назерке Үкібасова