Шымкентте 25 жастағы жұмысшы 11-қабаттан құлап, мерт болды

153

Жұмыс істеп, нәпақа табуға келіп жан тапсырған Ердәулет Әлімовтың жасы небәрі 25-те болған. Ол Отырар ауданы Балтакөл ауылының тумасы.

Шымкент қаласындағы құрылыс нысанының 11 қабатынан күндізгі екі жарым шамасында құлап кеткен. Содан кейін ес жимаған күйде жедел жәрдем келгенше жан тапсырған.

Ал, қазір қайғылы жағдай болған жерде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Адам өлімімен аяқталған оқиғаны мұндағы күзетшіден бастап, қызметкерлерге дейін біледі. Бас мердігер компания өкілдерінің сөзінше құрылысты қосалқы мердігер жүргізіп жатқан. Марқұм сол серіктестікте жалданып еңбек етіпті.

Аталмыш дерекке байланысты еңбек инспекциясы шұғыл жұмыс тобын құрып, бүгін тексеруге кірісті. Олар Еңбек қауіпсіздігі заңнамасының қаншалықты сақталғанын және кеткен кемшіліктерді анықтамақшы.

ӘЛЖАН МАМАДӘЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Талаптардың бұзылуы салдарынан көбіне орын алады. Енді осы алдағы 10 жұмыс күннің ішінде тексеру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, оның нақты қорытындысын айта аламыз».

Ал, тексеру комиссиясының қорытындысы полицияға тапсырылады. Қайғылы жағдай, жұмыс берушінің тікелей кінәсінен болғаны дәлелденсе, заң алдында жауап береді.

Жалпы, жыл басынан бері шымкентте әртүрлі жұмыс орнында 30 шақты жазатайым жағдай тіркелген. Оның ішінде 11 адам ауыр дене жарақатын алса, 4 жұмысшы бақилық болған. Сондықтан, еңбек инспекциясы сақтық шараларын қатаң орындауға кеңес береді.

Назерке Үкібасова