Тұрғын үй бағдарламаларында қандай шикіліктер бар?

128

Сенат депутаттарының алдына өз ұсынысымен Ұлттық экономика министрі келді. Еуразия экономикалық одақ хаттамасына өзгеріс енгізу керек деген Руслан Дәленов депутаттардан қолдау сұрады. Айта кетейік, одақ хаттамасы алғаш рет 2014 жылдың 29 маусымында жасалған.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР Ұлттық экономика министрі: «Қазақстан үшін норматив 6,955 пайыз болып табылады. Аталған нормативтер ЕЭО-қа мүше мемлекеттер арасында кедендік баждарды бөлуге мөлшерлес тәсілді қамтамасыз етуге арналған. Халықаралық шарттар туралы заңға сәйкес осы хаттама ратификациялануға жатады. Заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқтырмайды».

Ал, депутаттар 6 жыл бұрын жасалған хаттаманың осы уақытқа дейін 5 рет өзгергенін айтады. Бірақ, өзгеріс енгізілгенімен ратификациялаудың тым кеш жүзеге асатынын тілге тиек етті.

Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ, ҚР Парламент Сенатының депутаты: «Сол уақыттан бері осы шартқа тиісті хаттамалармен 5 рет өзгерістер енгізілген. Хаттамаларға мемлекет басшылары қол қоюы бір уақытта жүзеге асырылса, ал оларды ратификациялау кештеу, басқа уақытта жүзеге асырылып отыр. Осыған байланысты төмендегідей сұрақтар туындап отыр. Мысалы, бүгінгі тараудағы хаттамаға 2019 жылы Бірінші қазанда Ереванда қол қойылған. Іс жүзінде бір жылдан астам уақыт өтті. Ал, хаттаманы енді ғана ратификациялайын деп отырмыз».

Бұдан бөлек, шенеуніктер елдің бас ауруына айналған баспана мәселесін көтерді. Ләззат Сүлейменнің айтуынша, Қазақстандағы мемлекеттік баспана бағдарламаларындағы шикіліктер жетерлік. Айта кетейік, республикада баспанаға байланысты «Нұрлы жер», «7-20-25» және «Баспана хит» бағдарламалары бар.

Ләззат СҮЛЕЙМЕН, сенат депутаты: «Қазір бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар еңбек табыстығын растай алмауына байланысты жеңілдетілген ипотекалық кредитке қол жеткізе алмай отыр. Ал, «7-20-25″ бағдарламасы көптеген қазақстандықтар үшін едәуір қолжетімді. Бірақ, ол бастапқы тұрғын үй нарығына ғана бағытталған. Тұрғын үй салынып пайдалануға берілген кезде одан пәтер табу қиын»»

Аталған сауалдар Қазақстанның Премьер министрі Асқар Маминге жолданды.

Назерке Үкібасова