Үкімет қаржыдан қысылған халыққа тағы да 42 500 теңге бергелі жатыр ма? Бұл сұраққа бүгін халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау министрі жауап берді. Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, қысылтаяң кезге тағы да ақша қалған. Айта кетейік, биыл қатерлі індетке байланысты 4 жарым миллион азаматқа бір реттік әлеуметтік көмек берілген еді. Ол үшін қордан жарты трлн-ға жуық қаржы кеткен екен.
«2021 жылы мұнай өндіру 86 млн тоннадан 2025 жылы 100,7млн тоннаға дейін өседі. Барлық базалық салаларда оң өсу күтілуде»
Парламент Сенатының бүгінгі отырысында алдағы 3 жылға ел бюджеті бекітілді. 2023 жылға дейін республиканың білім, денсаулық және әлеуметтік салаларына 23 трлн теңге бөлінбек. Айта кетейік, аталған қаржының жартысынан көбі жәрдемақы беру үшін қаралған.12 трлн теңге әлеуметтік көмекке берілсе, денсаулық және білім саласына 5 трлн теңгеден табысталмақ.
Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР Қаржы министрі: «Денсаулық сақтауға арналған шығыстар 5,1 трлн теңгені, оның ішінде 2021 жылы 1,6 трлн теңгені құрайды. Осы қаражат шеңберінде медицина қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға тиісті шығыстар көзделген»
Осылайша келесі жылы елде медицина мамандары мен ұстаздар жалақысы артпақ. Үкімет мүшелері осылай деп баяндаманы оптимистік нотада аяқтай бергенде депутаттар қарсы сұрақ қойды. Елде азық-түлік бағасы да шарықтап барады. Депутаттар мұның себебін Үкімет басшысынан сұрады.
Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Импортқа тәуелділік мәселесін шешу үшін біз тиісті құжатты дайындадық, онда үш жыл ішінде біз осы алты өнім тобында импортқа тәуелділікті жою бойынша барлық жоспарларымызды жүзеге асыруымыз керек. Ол үшін бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру қажет. Ондай шамамен 750 миллиард теңгені құрайтын 200-ден астам жоба бар. Біз алдымызға 2023 жылға дейін импортқа тәуелділік мәселесін біржолата шешу міндетін қойдық»
Азық-түлік бағасының күн сайын қарыштауымен қатар шенеуніктерді 42500 теңге де алаңдатып отыр. Егер ел басына тағы күн туса, Үкімет жұртты қолдауға дайын ба? Бұл сұраққа халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау министрі жауап берді. Сөзінше, қорда қаржы бар. Бірақ, бұл жуырда жәрдемақы беріледі деген сөз емес.
Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР Халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау министрі: «Бүгінде қордың инвестициялық портфелінде 1,1 трлн теңге көлемінде активтер бар. Және актуалды бағалар бойынша қордың қаржылық жағдайы 2039 жылға дейін орнықты болады. Өз кезегінде экономикалық жағдай нашарлаған жағдайда Үкіметтің, Ұлттық банктің халықты әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған»
Айта кетейік, пандемия кезінде халыққа бір реттік көмек үшін қордан 476 млрд теңге бөлінген болатын. Оған еліміздің 4,6 млн тұрғынына 42500 теңгеден таратылды. Бұдан бөлек денсаулық сақтау қызметкерлеріне өтемақы ретінде 20 млрд теңге жұмсалды.
Назерке Үкібасова