Мәжіліс биылғы соңғы отырысын өткізіп, жылды қорытындылады. Бүгінгі жалпы отырыста Сенаттан бірқатар түзетумен қайтып келген «Банктер туралы» және «Цифрландыру туралы» заңдар және Құрылыс кодексін қабылдады. Сондай-ақ, туристік сала мен балалар спортын қолдау туралы заң екінші оқылымда қабылданды.
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру стандарттары жаңарып, көлемі артатын болды. Жалпы, төменгі палата биыл 100 заң қабылдап, оның 24-іне өздері бастамашы болды.
Сондай-ақ, Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер бойынша жұмыстар аяқталды. «Жасанды интеллект туралы» жаңа Заң қабылданды. Сөйтіп, Қазақстан Еуроодақтан кейін осы салада жеке, арнайы заңы бар екінші юрисдикцияға айналды. Халықты, соның ішінде жастарды қорғау үшін ғимараттарда және онлайн-кеңістікте букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды. Некеге тұруға мәжбүрлеу де заңмен реттелді. Алаяқтық схемаларға қатысы бар дропперлерге қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы: «Әріптестер, жақында өңірлерді аралаймыз. Сайлаушыларға қабылданған заңдар адамдардың өміріне қалай әсер етіп жатыр? Сондай-ақ, осы заңдардың жергілікті жерде қалай жұмыс істеп жатқанын зерттеп, зерделеу де маңызды. Азаматтарды толғандырған барлық мәселеге ден қойып, мұқият тыңдау қажет. Кейін әдеттегідей тұрғындардың аманатын жинақтап, Үкіметке жеткіземіз.
Ербол Тұрымбет







