Автокөлік нөмірін тегін алу үшін…

127

Егер сіз ерекше баланың ата-анасы болсаңыз, машина алғанда мемлекеттік нөмірді тегін рәсімдей аласыз. Дереккөз: ҚР Салық Кодексінің 622-бабы

ҚР Салық кодексінің 622-бабына сәйкес, ҰОС ардагерлері, оларға теңестiрiлген адамдар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, Чернобыль апатынан зардап шеккен азаматтар және ерекше баланың ата-анасының бірі автомобильге, автомобиль тіркемесіне, мотокөлікке мемлекеттік тіркеу нөмірі берілген кезде мемлекеттік баждарды төлеуден босатылады.
Қазіргі таңда көлік құралдары және жүргізуші куәлігіне қатысты қызметтер «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетіледі. Бұл ХҚО-ларда жүргізуші куәлігін алу, автокөлікті тіркеу және нөмір белгісін беру қызметтері ұсынылады.
Мамандандырылған ХҚО-дағы мемлекеттік баж көлемі:
Көлік құралын тіркеу туралы құжат: 1,25 АЕК – 3472,5 теңге;
Автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі: 2,8 АЕК – 7779 теңге;
Мотоцикль немесе тіркеме: 1,4 АЕК – 3890 теңге;
Транзит нөмір: 0,35 АЕК – 973 теңге.
Автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін тегін алу үшін:
1. Жеке бас куәлігі;
2. Көлік құралын тіркеу құжаты (техпаспорт);
3. Меншік құқығын растау құжаты (сатып алу немесе т.б. келісім-шарт);
4. Мүмкіндігі шектеулі баланың анықтамасы.

Ескеретін жайт:
Ерекше баланың ата-анасының бірі ҚР Салық кодексінің 622-бабына сййкес тек мемлекеттік тіркеу нөмірін тегін ала алады. Ал техпаспорт пен басқа да тіркеу ақысын төлеуі тиіс.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасында көлік құралдарын тіркеу, мемлекеттік тіркеу нөмірін және жүргізуші куәлігін қызметтерін egov.kz сайтында онлайн рәсімдеуге болады. Ол үшін қызмет алушының электронды-цифрлы қолтаңбасы болуы керек.

Нұрлан Бектаев

Тұлға.кз жобасы

«Оңтүстік Рабат», №44, 29 қазан 2020 ж