Коронавирус белсіздікке әкеле ме?

191

Коронавируспен ауырған ер адамның жыныстық белсенділігі уақытша төмендеуі мүмкін. Қазақстандық репродуктологтардың қорытындысы осы. Бұған соңғы айларда урологтарға жүгінетін еркектер санының бірнеше есе өскені де себеп екен.

COVID-19 ЕРКЕК ҰРЫҒЫН ӘЛСІРЕТЕДІ

«Коронавирус еркек қуатын әлсіретеді» деген хабар тарағалы дәрігерлерге келетін ер адамдар қатары да жиілепті. Бәрінің көңілінде бір қауіп – «Сәби сүю бақытынан айырылдық па, жоқ па?»
Дәрігерлердің сөзінше, олардың жанайқайы орынды, өйткені коронавирус жұқпалы ауруы еркек ұрығын өлтіреді. Бұл тек қазақстандық репродуктологтардың пікірі ғана емес.
Қытай ғалымдарының да айтары осы. Мәселен, қытайлық «South China Moring Post» газетінде жарияланған мақалада: Уханьдағы Тунжи ауруханасының Репродуктивті медицина орталығы сарапшылары «Covid-19» коронавирусы ерлердің репродуктивті денсаулығына зиян тигізуі мүмкін» екенін айтқан. «Коронавируспен ауырған ерадамдар репродуктивті функцияның бұзылуына тап болуы мүмкін» делінген хабарламада.
«Талдауларға сүйенсек, вирустың бөлшектері «covid-19» пациенттерінің 19%-ының ұрығында болатындығын көрсетті. Тіпті, коронавиустың жеңіл формасымен ауырған ер адамдар да сперматозоидтардың саны мен қозғалуы- 50% төмендегенін аңғардық. Бұл 30 күнге дейін сақталуы мүмкін. Вирус «ұрықтағы иммундық гомеостаздың бұзылуына» тіпті жасушаларды жою арқылы белсіздікке әкелуі мүмкін. Сол үшін ер азаматтар дәрігерден кеңес алуы қажет. Уақытылы медициналық көмек «мәселені мүмкіндігінше ертерек анықтауға және тез емделуге ықпал етеді», – делінген мақалада.
Жоғары санатты андролог-уролог дәрігер Мырзахмет Жанәділов те шымкенттік еркектерді дәрігерлік тексерістен өтуге шақырады. Әсіресе, коронавируспен ауырған адамдар бірінші кезекте тексерістен өтуі керек. Себебі, індетпен ауырған еразаматтардың жұмыртқалары қабынады екен.
– Бүгінде елімізде жаңадан отау тіккен отбасылардың 15 пайызы «бедеу, белсіз» деген ауыр дертті арқалап жүр. Әйел бедеулігі екі түрлі болады. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі – жүре пайда болатын бедеулік. Бірақ, бұл тек әйелдердің проблемасы ғана емес. Бүгінде еркектің белсіздігі әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Екі жақтан болатын кінәрат тағы бар. Енді бұған коронавирус келіп қосылды. «Коронавирустың еркектік қабілетке не қатысы бар» деп сұрауыңыз мүмкін. Алайда коронавирустың тыныс алудан бөлек, ер азаматтардың репродуктивті денсаулығына зиянын тигізетінін бірі білсе, енді бірі біле бермейді,-дейді дәрігер Мырзахмет Жанәділов.

ДӘРІГЕРГЕ БАРУДАН ҰЯЛАДЫ

Дәрігердің айтуынша, ер адамдар зиян әрекеттерге үйір келеді. Темекі шегеді, арақ-шарап ішеді. Салауатты өмір салтын ұстанбайды. Мұндайда, иммунитетінің әлсіз болатыны айтпаса да белгілі. Сондай жандарға ауру үйір келеді. Әсіресе, 40 жастан асқан азаматтар жиі ауруға шалдығады екен. Дәрігер сөзінен түйгеніміз – ер азаматтар сонда да текcерілуден өтуге құлықсыз. Көбі мұны намыс көреді-міс. «Тіпті еркектердің 60 пайыздан астамы дәрігерлерге жоламайды»,-дейді Мырзахмет Жанәділов.
Мәселенің барлығы еркекте болып шыққан жағдайлар дәрігер тәжірибесінде жиі кездесіпті.
— Коронавирус не пневмониямен ауырып, жазылған жандардың бірнеше айға дейін жыныстық қатынасқа құмарлығы төмендейді. Мұндайда төсек қатынасына түспеген жөн. Себебі, жұбына қауіп төндіруі мүмкін. Біле белсеңіз, коронавирустың ауыр түрімен ауырған соң белсіздіктен айығу үшін көп уақыт ем-дом жасап, күтіну керек. Толықтай сауығу үшін бірнеше жыл қажет болуы да мүмкін. Ал індеттің жеңіл түрімен ауырсаңыз екі айдан соң сперматозоид сапасы қалпына келеді. Десек те, бұл жағдайда да дұрыс тамақтанып, зиянды әрекеттерден бас тартқан жөн,-деді Мырзахмет Жанәділов.

35 ЖАСҚА ДЕЙІН ЕМДЕЛУ КЕРЕК

Жалпы адамның балалы бола алу қабілеті шектеулі. Дәрігерлер уақыт созбай, дер кезінде медициналық тексерістен өтуді кеңес беретіні де сондықтан екен. Осы ретте маман ерлі-зайыптылар мүмкіндік болса, 35 жасқа дейін балалы болу мәселесін шешіп алуы керек екенін айтады.
Дей тұрғанмен коронавирус ұрықтың құнарлығына қалай әсер етуі мүмкін деп сұрайтындар бар.
—Коронавирус сперматозоидтардың дамуына қатысатын жасушалардың көбеюіне кері әсер етуі мүмкін. Ең бастысы: бұл – вирустың қалай әсер етуі емес, маңыздысы – салдары, яғни ұрпақсыз қалу. Сондықтан да немқұрайлы қарамай, ауырып тұрсаңыз, міндетті түрде уролог тексерісінен өткен жөн. Өйткені, коронавирус простатаға да әсер етуі мүмкін. Бұл зәр шығару және жыныстық қатынас кезінде ауырсыну проблемаларын туғызады. Сондықтан ертеңгі күні жыныстық белсенділігіңіз әлсіреп, зәр шығару жүйесінен кәнарат шығып, ұрпақсыз қалғыңыз келмесе, сақтаныпңыз. Ауырсаңыз, емделіңіз. Себебі, белсіздік – байқалмайтын ауру. Көзге көрінетін сыртқы белгілері жоқ. Сперматозоидтарды тексеріп, саны мен белсенділігін тексеріп қана анықтайды,-дейді Мырзахмет Жанәділов.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №46, 12 қараша 2020 ж