Нотариустың қызмет ақысын тегін алу мүмкіндігі…

253

ҚР Салық Кодексінің 617-бабының 4-тармақшасына сәйкес, ерекше баланың ата-анасының бірі барлық нотариалдық іс-әрекеттің ақысын төлеуден босатылады.
Дереккөз: ҚР Салық Кодексінің 617-бабының 4-тармақшасы:

Нотариус – нотариалдық іс-әрекеттер жасайтын, яғни түрлі заңды әрекеттер мен құжаттарды куәландыратын тұлға (Уикипедия). Бұл қызметті жоғары заңтану білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс істеген ҚР азаматы атқара алады. Нотариус арнайы біліктілік емтиханын тапсырады және нотариалдық қызметпен айналысуға құқық беретін лицензиясы болуы тиіс.
Нотариусқа қатысты барлық іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдедегі «Нотариат туралы» № 155 Заңымен реттеледі.

Нотариалдық іс-әрекеттерді тек:
* мемлекеттік және жеке нотариустар;
* жергілікті билік органдарының уәкілетті тұлғалары;
* консулдар атқара алады.

Нотариус іс-әрекеттері үшін алынатын ақы мемлекеттік баж арқылы бекітіледі. Осы қызмет ақысын төлеуде ерекше баланың ата-анасына жеңілдік бар. Ол үшін бұл санаттағы тұлғалар осы жеңілдікке негіз болатын барлық құжатты нотариусқа ұсынуы тиіс.
Ескеретін жайт. Ерекше баланың ата-анасының бірі тек өзіне, баласына қатысты нотариалдық іс-әрекеттердің ақысын төлеуден ғана босатылады.

Нұрлан Бектаев

Тұлға.кз жобасы

«Оңтүстік Рабат», №44, 29 қазан 2020 ж