Түркістан облысының жедел-жәрдем қызметі 77 көлікпен толығып, ал медициналық автокөлік паркі 96 пайызға жаңарды. Жыл соңына дейін өңірге тағы 45 көлік жеткізілмек.

Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Алайда аймақ басшысы босаңсуға болмайтынын атап өтті. Өңірдің медицина саласы індеттің ықтимал екінші толқыны болған жағдайда науқастарға көмек көрсетуге дайын болуы керек.

Түркістан облысындағы медициналық жедел-жәрдем стансасына 77 санитарлық көлік берілді. Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан облыс басшысы отандық өндірістегі жедел-жәрдем көліктерінің жасақталуымен танысып, оларды тиімді пайдалануға шақырды.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Коронавирус індетімен күресуге барлық жағдай жасалынуда. Міне, сіздерге жаңа көліктер жеткізілді. Күн, түн демей аянбай еңбек етудесіздер. Рахмет. Арнайы құрылғылармен жасақталған  көліктерді  тиімді».

Стансаға тапсырылған су жаңа медициналық жедел жәрдем көліктерінде мамандандырылған реанимациялық емдік шараларын көрсетуге мүмкіндік беретін барлық қажеттілікпен жабдықталған. Тіпті онда өкпені жасанды желдету аппараттары да бар.

Індеттің ықтимал екінші толқынына дайындау мақсатында медициналық ұйымдардың материалдық- техникалық базасы үздіксіз жабдықталуда. 77 көліктің 33 реамобиль болса, қалғандары ИВЛ және қажетті аппараттармен жасақталған.

«Көліктер қажетті заттардың барлығымен жабдықталған. Науқасқа көліктің ішінде тиісті  медициналық көмек көрсете аламыз», дейді  Түркістан қалалық жедел-жәрдем стансасының фельдшері Жұмабек Омар.

Соңғы екі аптада Түркістан облысы бойынша коронавирустық инфекциямен 22 жағдай тіркеліп, аурушаңдық алдыңғы аптамен салыстырғанда 8 жағдайға өскен. Сондықтан да сала мамандары өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, тұрғындарды санитарлық талаптарды қатаң орындауға шақырады.

Марат Пашимов,Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы: «Өңірдегі барлық емдеу мекемелерінде 2-3 айлық дәрі-дәрмек қоры дайын. Кеше КОВИД-19 -бен бірде бір науқас тіркелген жоқ. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бүгінде инфекциялық стационарларда 6 науқас КОВИД -19 инфекциясынан және 28 адам вирусты пневмониядан ем қабылдауда».

Айта кетейік, күн сайын Түркістандағы облыстық жедел-жәрдем стансасының 124 бригадасы шақыртуға шығады. Орта есеппен тәулігіне 2000-ға жуық қоңырау түседі. Алдағы жылы медициналық бригада санын 150-ге жеткізу жоспарланып отыр екен.

Шынар Оразова