Жұмыста іссапардан бас тартуға бола ма?

96

Ерекше баланың ата-анасында жұмыстағы іссапардан бас тарту құқығы бар.
Дереккөз: ҚР Еңбек кодексінің 127-бабы

2016 жылдан бастап еліміздегі жұмыс берушілер қызметкерлерін іссапарға жіберерде ҚР жаңа Еңбек кодексінің талаптарын ескеруі тиіс.
Өзгерістер бойынша кәмелетке толмаған балалар мен жүкті әйелдерді, мүмкіндігі шектеулі жұмысшыларды медициналық шектеу болмаған жағдайда іссапарға жіберуге болады.
(ҚР Еңбек кодексі, 127-бап, 4-тармақ)
Іссапардан кімдер бас тарта алады?
ҚР Еңбек кодесінің 127-бабының 5-тармағы бойынша, 3 жасқа дейінгі баласы бар жұмысшыларда, отбасының мүмкіндігі шектеулі мүшесі немесе ерекше баласы бар қызметкерлерде іссапарға шығудан бас тарту құқығы бар. Ол үшін ерекше баласы немесе туысына тиісті күтім жасау қажеттігі туралы медициналық қорытынды болуы тиіс.
Іссапардан бас тарту үшін мына құжаттарды ұсыну қажет:
* Үш жасқа дейінгі баласы бар қызметкерлер – баланың туу туралы куәлігін;
* Отбасының мүмкіндігі шектеулі мүшесі немесе ерекше балаға күтім жасайтын қызметкер – оларға үнемі күтім жасау қажет екені туралы медициналық қорытынды.
Қалған санаттағы қызметкерлер бойынша заңда ешқандай шектеу қойылмаған. Яғни, іссапарға бару – жұмысындағы міндет, жұмыс берушімен арадағы келісім-шарттың талаптарын орындау саналады.
Айта кететін жайт: үш жасқа дейінгі баласы бар қызметкерлер, отбасының мүмкіндігі шектеулі мүшесі немесе ерекше баласына күтім жасайтын жұмысшылар өз еркімен, қағаз жүзінде келісім бере отырып іссапарларға шыға алады.

Нұрлан Бектаев,
«Тұлға.kz» жобасы

«Оңтүстік Рабат», №45, 5 қараша 2020ж