«200 мыңға жуық қазақстандық көшіп кеткен»

155

«Соңғы 5 жыл ішінде 200 мыңға жуық қазақстандық шетелге көшіп кеткен». Осылай деп дабыл қаққан Сенат депутаттары кезекті отырыста көші-қон мәселесін көтерді.

Сөздерінше елден кетіп жатқандардың басым бөлігі 14 пен 34 жас аралығындағы жастар. Мәселен, соңғы 10 ай ішінде Шымкенттен 400-ден астам азамат көшіпті. Олардың 386-сы ТМД елдеріне, қалғаны кәрі құрлыққа кеткен.

Халық қалаулыларының сөзіне сенсек, ел ішіндегі көші-қон да жетісіп тұрған жоқ. Мәселен, күнгейден теріскейге кеткен тұрғындар бүгінге дейін не дұрыс жұмыс, не бүтін баспана таба алмай жүр екен. Осылай деген сенатор Айгүл Қапбарова жыл өткен сайын солтүстікте тұрғындар санының азайып бара жатқанын айтады.

Бұдан бөлек, Сенат отырысында жаңа заң жобасы қабылданды. Енді қала мәртебесінен айырылған елдімекен тұрғындарының жалақысына 25 пайыз үстемақы қосылады. Жалпы ел ішінде мұндай 13 аумақ бар. Онда 80 мың тұрғын қоныстанған.

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Қазіргі мәліметке сәйкес, әлеуметтік және бюджеттік 5171 қызметкер аудандарда қызмет атқарады. Оған қосымша тұрғындар коммуналдық төлемдерге, қызметтік тұрғын үйге және жер, мүлік салықтарына қатысты жеңілдіктермен қоса дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша еңбек, кәсіптік білім алумен ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдауға қатысты жеңілдіктерді пайдалана алады».

Шетелге көшіп жатқан қазақстандықтардан бөлек, атамекенге оралған қандастар қатары да артып келеді. Соңғы 5 жылда тарихи мекеніне 7933 азамат оралған.

 Назерке Үкібасова