Кез келген мәселенің шешімі – ашықтық. Редакцияға хабарласқан оқырманымыз мектеп бітіргенше шындықты білмей, туған анасын бекер кінәлағанын, уақыт өте қатесін түсініп, анасымен кездесіп, жағдайды түзеткенін айтады. Уақыт бір орында тұрмай, зыр айналатынын, міне, сондықтан да бүгін түзетуге болатын істі ертеңге ысырып, өкініп қалмауды кеңес етеді. Кейіпкеріміздің хикаясын қаз-қалпында жариялап отырмыз.
Сәлеметсіздер ме, Оңтүстік Рабат газетінің оқырмандары!
Басымнан өткен оқиғамды баяндай отырып, шындыққа көз жеткізбейінше, біреудің айтқанына сенбеу керек екенін түсіндім. Мейлі жақын адамың болса да шындықты білмей жатып, сене салуға болмайды.
Ес білгелі әжемнің қолында өстім. Обалы не керек, әжем сіңлім екеуімізді ешкімнен кем қылмады. Тәрбиемізге қатал қарады, бірақ бізді қатты жақсы көрді.
Көп адам әжемізді «өте қиын адам деп айтатынын құлағымыз шалып қалып жатады. Көбі одан сескенетін сияқты сезілетін. Бізді бағып-қағып жеткізген әжеміз.
Әкеміздің отбасы бар. Әкем үш рет шаңырақ көтерген адам. Біз бірінші әйелінен туған қыздарымыз. Екіншісі, бір ұлымен ажырасып кеткен екен.
Әкем үшінші рет үйленген соң әжеммен бірге тұрмай, жеке бөлек шыққан. Үйге көп келмейді. Шынын айтқанда, «әкелік міндетін жеткілікті атқарды» деп айта алмаймын. Әке орнына әке, шеше орнына шеше болған жалғыз әжеміз бар.
Әкем мен анам сіңлім туған соң ажырасқан екен. Дәлірегі анам үйден қашып кетіп, қайтып келмеген. Естуімізше әжем келінге өте қатал адам болыпты. Сол қатал мінезіне шыдай алмаған.
Ал әжемізден анамыз жайлы сұрасақ, «сендерге ана болуға лайық емес, егер лайық болса, тастап кетпейтін еді ғой» деп қана қысқа қайырады.
Қазбалап сұрауға батылымыз бармайтын. Анам туралы сөйлескісі келмейтіні түрінен-ақ байқалып тұратын.
Әкемнің інісінің келіншегі, яғни жеңгеміздің айтуынша, әкеміз үшінші әйелін алғанша анасының сөзінен шықпапты. Сол үшін де алған әйелдері әжемізге ұнамаса, ажырасып отырған. Үшінші рет үйленген соң, көп уақыт өтпей-ақ бөлек шығыпты, өйткені алғашқы екі некесі де бақытсыз аяқталған соң, әжемізді тыңдамайтынын айтып, өз бетінше өмір сүргісі келіпті.
Әкеміз бізге сирек те болса келіп тұрады. «Сіңлім екеуіміз әкелік махаббатқа тойып өстік» деп айта алмаймыз. Шынымды айтсам, ешқашан ашық сөйлесіп, оның мойнына асылып, рахаттанып сөйлеспедік. Еркелеп те жарытпадық.
Үшінші рет үйленгеннен кейін әжеммен, яғни анасымен қарым-қатынасы бұзылған. Әйелінің айтқанынан шықпайды, өйткені үшінші әйелі алғашқы екеуімен салыстырғанда әлдеқайда мінезді.
Әкемді бізбен де жақсы араластырмайды.
Жалпы атам мен әжемнің екі ұлы болған. Бірі – менің әкем, екіншісі – ағамыз.
Ағам отбасылы болып, дереу басқа қалаға жұмыс барысымен кеткен екен. Сондықтан да жеңгеміз әжеміздің қатал тәрбиесінен құтылса керек.
Мен анамды үнемі кінәлайтынмын. Қандай жағдай болса да бізден бас тартуға болмайтынын ойлай беруші едім. «Мейлі, әжеме қалдырсын, бірақ арасында бізді көріп тұруға болады ғой» деп іштей қатты налитынмын. Кейін есейе келе іштей көп ойланып, өз-өзіме көп сұрақ қоя бастадым.
Сол сұрақтарыма жауап бере алмай қиналамын. Сіңліме ойымды айтсам, ол ешқашан анамыз жайлы сөйлескісі келмейтінін және ешуақытта оны кешірмейтінін айтады.
Сіңлім – әжеме ұқсаған мінезі қатал. Бір адамнан көңілі қалса, оған бет бұруы өте қиын. Ара-қатынасын шорт кесіп кете алады. Біз осылайша мектеп бітіргенше анамызды іздемедік. Ол да бізді іздеп келмеді. Бір күні мектеп бітіру кешінен кейін анамды іздеп тауып, барлық сұрағымның жауабын білгім келді.
Айналамыздағы адамдардың «әжең екі тамаша келінін құртты» деген сөздері, әкеміздің анасымен онша араласпай кетуі бәрі менің көңілімде күдік ұялатты. Сонымен маған бір көмектесе алса, жеңгем көмектесетінін біліп, соған хабарластым. Анаммен кездесіп, сөйлескім келетінін, оның мекенжайын тауып беруін өтіндім.
Әуелі таң қалған жеңгем кейін келе келісімін беріп, бірақ оның маған көмектескенін ешкім білмеуін, әсіресе әжемнің хабары болмауын ескертті. Біз келістік.
Содан бастап жеңгем хабарласқанша жүрегім аттай тулап жүрді. Анамның мекенжайын білгенімше қатты қобалжыдым.
Анам біз тұрған қалада емес, басқа қалады тұрады екен. Міне, бұл анаммен кездесуімді қиындатты, өйткені, әжемнің рұқсатынсыз басқа қалаға бармақ түгілі, достарымызбен, сыныптастырымызбен отырыстарға да бармайтын едік. Әжем өте қатал болатын.
Сонымен мектеп бітіріп, студент болып, басқа қалаға кеткім келді. Анаммен қалағанымша сөйлесе алатынымды білдім. Мектепте сынақ тапсырдық. Мен басқа қалаға оқуға түсуді мақсат еттім. Арманым орындалып, басқа қалаға кеттім.
Маған бір күннің өзі өтпей, уақыт орнында тоқтап қалғандай сезілді. Оқу басталып, әжем барлық заттарымды дайындап беріп, басқа қалаға аттандым. Сол жақтан жеңгеммен хабарласып, анам тұратын қалаға барудың да ретін таптым. Жеңгем қорқып, өзі ертіп баратын болды. Анаммен алдын-ала телефонда хабарласқан екен.
Анаммен кездескенде көзіме сенбедім. Анамның мүлдем денсаулығы жоқ екен. Ұзақ жолға жарамайды. Әкемнен ажырасқан соң, 4-5 жылдан кейін екінші рет тұрмыс құрған. Бір қызы, бір ұлы бар екен. Олар – кішкентай. Менің келетінімді естігенде қатты қуаныпты. Бағына қарай, күйеуі сондай жақса адам, балаларын қатты жақсы көреді. Анамды да ерекше сыйлайтыны көрініп тұр. Үйінде екі күн қондым. Ұзақ әңгімелестік. Көптеген сырлар ақтарылды.
Анамды көрген сәттен еш жатсынбадым. Керісінше, баяғыдан онымен сырласып келген адамдай болдым. Оның құшағы, алақаны мүлдем басқаша. Ештеңеге ұқсамайды.
Анам өзін еш ақтап сөйлемеді. Бізді алмақшы болып, қанша талпынса да еш мүмкіндік болмапты. Әжем анамыздың отбасымен салыстырғанда бақуатты болған. Сондықтан үнемі кедергі келтіріпті, бізді көруге қанша келсе де ешқашан көрсетпеген.
Біздің әжем қолында болуына келісім беріп, бірақ өзін кездестіріп тұруын өтінсе де әжем еш қабыл алмапты. Тіпті қорқытып, енді бізді іздесе басқаша әрекет ететінін айтқан. Сонымен бізден көз жазып қалған екен.
Анамның басынан кешкен оқиғасы бір кітапқа татиды. Мен бірден оны кешірдім. Және кінәлағым келмеді. Оны тапқаныма қуандым. Содан кейін біз үнемі кездесіп тұрдық. Әжемнен және сіңлімнен жасырып, анаммен жақын араластым.
Алайда әжеме айта алмадым. Егер ол білсе, мені кешірмейтіні анық еді. Ал мен бізді асырап-бағып, өсірген әжемді де ренжіткім келмейтін. Сонымен бір жыл өте шықты. Қуанышым да көпке созылмады. Анам бір жылдан соң өмірден өтті.
Қазір отбасылымын. Жасым 40-тан асты. Сол кезде Жаратқан қалауымен анаммен кездесіп, тілдесіп, оның жұмсақ алақанын сезінгеніме қуанам. Ал сіңліме айтқанда, ол онымен кездесуден үзілді-кесілді бас тартқан болатын. Бірақ қазір қатты өкінеді. Қатты қиналады.
Бұл хатты жазудағы себебім – тағдырлас жандар болса, ештеңеге қарамай оқиғаны бір жақты ғана тыңдап баға бермей, жан-жақта тыңдап барып, шешім шығарған дұрыс. Өмірлік өкініш салмақ болмасын. Анаңыз немесе әкеңіз жаныңызда болмаса да, қай жақта болсын, сол жаққа барып, оны тыңдаңыз. Сізді мазалайтын сауалдарға жауап алыңыз. Сондықтан ойланыңыз. Ал әжем анаммен араласқанымды кейін білді, бірақ маған ештеңе демеді.
Қазір ол кісі де жоқ. Алайда анамды да, әжемді де кінәлағым келмейді. Әркім өз өмірінің қожайыны.
Сондықтан ішкі сезіміңізді тыңдай отырып, өміріңіздің мәнді болуына әрекет жасаңыз.
Егер анаммен кездеспегенде, оны тыңдамағанда, өмір бақи анамды кінәлап өтер ме едім, кім білсін?
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат», №49-50, 3 желтоқсан 2020 ж