Дәл осы мидай далада қаншама отбасының туған-туыстары, жақындары ажал құшқан. Оқыс оқиға 2012 жылдың 25-ші желтоқсанында орын алған болатын.

Қыстың суық күнінде ел астанасынан Шымкентке бет алған Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің АН-72 ұшағы діттеген жеріне жете алмай, апатқа ұшырап, 27 адам бақилық болып дүйім жұртты есеңгіретіп қойған болатын.

Бүгін сол оқыс оқиғаның орын алғанына тура 8 жыл. Көзді ашып жұмғанша зулай өте шыққан аралықта жақындарынан айырылғандар әлі күнге дейін болған жағдайға сене алар емес. Күндердің күнінде мәңгілікке жоғалтқан адамдары есікті қағып келетіндей күй кешіп жүргендерін жасырмады. Солар бірі – Гүлнәр Мұхамедқалиқызы.

Сол әуе бортында туған бауыры полковник Тұрғанбек Стамбеков жұбайымен бірге болған. Бір сәтте туған інісі мен келінін жоғалтып алғанына сенер емес. Қайтыс болған жақындарының артында қос ұлы ботадай боздап қалған.

Бүгін қытымыр күнде қыршын кеткендердің есімдері тасқа қашалып жазылған шекарашылар мемориалына гүл шоқтары қойылып, құран бағышталды. Жиналғандар қатарында, жақындарының соңғы демі шыққан жерге қойылған тақтаның айналасын тазартып, жиі келіп тұратындары жетерлік екен. Ал, мінберге шығып сөз сөйлеген қайтыс болғандардың әріптестері болған жағдайды ешқашан ұмыту мүмкін емес және келер ұрпаққа сабақ болуы керек деп есептейді.

Елімізде барлық Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер қызмет бабында қайтыс болғандарды еске алып, жұмыс күндерін бір минуттық үнсіздікпен бастаған.

Айта кетейік, 2012 жылдың дәл 25-ші желтоқсаны елде қаралы күн болып жарияланған еді.

Ғалымжан Кенжебек