Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаза қатаңдатылды. Енді ауыр немесе аса ауыр сыбайлас қылмыс жасап, сотты болғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайтын болды.
Алайда, мемлекет басшысы қол қойған заң жобасының ескеретін тұстары да бар екен. Мысалы, жүкті, жас балалары бар әйелдер, бала тәрбиелеп отырған ер азаматтар, 58 жастан жоғары әйелдер мен 63 жастан жоғары ерлер және мүгедектер сондай-ақ, жазаны өтеу кезінде өзге жазалары болмай белгілі бір мерзімін іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен босатылуы мүмкін. Десе де, қабылданған заң жобасы бармақ басыты, көз қысты әркеттерді тоқтатуға септігін тигізу ықтимал дегенді алға тартады жауаптылар.
Сондай-ақ, жаңа заң жобасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін де жаза күшейтілді. Себебі, бұл санаттағы азаматтарға ерекше өкілеттіліктер берілген. Енді құқық қорғау қызметкерлерінің немесе судьялардың 50 айлық есептік көрсеткішіндегі пара алуы, ауыр жемқорлық қылмыс болып саналатын болды.
Сонымен қатар, олар енді жазасын қоныс-колонияларда өтеу мүмкіндігінен айырылды. Мемлекеттік қызметшілер белгілі бір лауазымға тағайындалғанда шетелдік шоттарын жабуға 6 ай уақыт беріледі. Заңға бағынбаған жағдайда бірден жұмыстан қуылады.
Ғалымжан Кенжебек