«Шенеуніктердің мейрамхана, клубтарына карантин кедергі емес»

97

«Шенеуніктердің мейрамхана, клубтары карантинге қарамастан үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Есесіне, ешкімі жоқ кәсіпкерлер мониторинг тобына ауызбастырық берем деп шығынға бататын болды».

Осылай деген мәжіліс депутаты бүгін кәсіпкерлер жанайқайын жеткізді. Азат Перуашев сөзінше, елдегі мониторинг топтары пара алудан алдына жан салар емес. Тіпті тексеріс өкілдері өз құндарын да белгілеп қойған екен.

Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Бізге кәсіпкерлер өз арыздарын жеткізген еді. Онда мониторинг топтарының жұмысы парақорлыққа айналып бара жатқаны айтылған. Сөздерінше, тексеріс топтарына әр мейрамхана, клуб аптасына 50 мың теңгеден береді. Сонда ғана жұмысы тоқтау керек көңіл көтеру орнын тексермейді екен. Бұл сонда не болды? Елде енгізілген карантин қайда қалды?».

Карантиннің кесірі мұнымен бітпейді. Бұдан бөлек, қатерлі індет кезінде дәрігерлердің де шағымы көбейіпті. Бұл туралы депутат Дания Естаева мәлімдеді. Сөзінше, 20 – қазаннан бастап елдегі ақ халаттылардың өтемақысы тоқтатылған. Осыдан кейін індет жұқтырған дәрігерлер өз ауруларын дәлелдей алмай әлек болып жүр екен.

Дания ЕСТАЕВА, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Алдыңғы айдан бастап Қазақстанда дәрігерлерге өтемақы беру тоқтатылды. Осыны айтып бізге қаншама ақ халаттылар хабарласты. Еске салайық, елде вирус толық жойылған жоқ. Тиісінше коронавирус жұқтырған дәрігерлер әлі де табылуда. Бірақ, олар өтемақы ала алмайды».

Айта кетейік, пандемия басталғалы Қазақстанда қатерлі індетті 13 мың медицина қызметкері жұқтырып алған. Өкінішке орай олардың 182 көз жұмды.

Назерке Үкібасова