Úı ANONS Мектептерде телефон қолдануға шектеу қойылуы мүмкін

Мектептерде телефон қолдануға шектеу қойылуы мүмкін

Қазақстан мектептерінде смартфон қолдануға шектеу енгізілуі мүмкін. Депутаттар гаджеттерді тек сабақ кезінде ғана емес, үзіліс уақытында да пайдалануды қысқартуды ұсынып отыр. Олардың айтуынша, телефондар балалардың тірі қарым-қатынасына кедергі келтіріп, сабаққа көңіл бөлуді азайтады. Алайда бұл жағдайда оқушылар асханадағы тамақ ақысын қалай төлейді деген сұрақ туындайды.

 

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «POS-терминалдар болады. Яғни төлем жасау үшін міндетті түрде QR-код қолданудың қажеті жоқ. Кейбір мектеп асханаларында тек QR-код қана ілініп тұрады: оны сканерлеп барып төлем жасайсың. Ал егер оқушыда смартфон болмаса, онда не істейді? Бұл — заңсыз әрі дұрыс емес. Сондықтан POS-терминалдар болуы тиіс. Осы мәселені әріптестеріміз жан-жақты қарастырады деп ойлаймын».

 

Дегенмен, әзірге мектептерде смартфондарға толық тыйым салынбайды. Білім министрлігінің мәліметінше, гаджеттер бүгінде оқу процесінде де қолданылып жүр. Сондықтан барлық мектепке ортақ бірыңғай ереже әзірленбек. Онда телефонды қай кезде қолдануға болатыны, қай кезде болмайтыны нақты көрсетіледі. Қазір заң жобасы қарауға алынған. Соңғы шешімді Мәжіліс пен Сенаттағы талқылаулардан кейін депутаттар қабылдайды.

 

НҰРГҮЛ ЖОЛЫМБЕТОВА