Шымкент қаласы әкімінің орынбасары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдады

300

 

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков тұрғындарды жеке мәселелерімен алдын-ала жазылу бойынша аптаның бейсенбі және жұма күндері қабылдайды.

Карантин талаптарына сәйкес қабылдау онлайн түрде жүргізілуде. Қала басшысының орынбасары қашықтықтан өткен бұл жолғы қабылдауында 20-ға жуық азаматтың өтінішін тыңдады. Әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Халық үні тыңдаусыз қалмады.

Жеке бастарына қатысты мұң-мұқтаждары мен қазіргі таңда өзекті мәселелерді жеткізген шаһар тұрғындары сауалдарына тікелей жауап ала алды. Негізгі мәселер әлеуметтік көмек, тұрғын үй және жұмысқа орналасуға байланысты болды. Оның ішінде қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың еңбек шарттары мәселесі де көтерілді. Бұл тұрғыда Ерғали Дәулетбекұлы тиісті басқарма басшылықтарына қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматтардың құқығының қорғалуын қатаң қадағалауды тапсырды. Жеке өтінішімен қабылданған Нұргүл Базарбаева жалғыз басты ана. Екі баласымен жалдамалы пәтерде тұрып келеді. Үй кезегінде тұрғанына сегіз жыл болған. Келесі жылдың басында көптен күткен баспанаға ие болғалы отыр.

Қала әкімінің орынбасары оған тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы берілетіндігін түсіндіріп, басқа да сауалдарына жауап берді. Қала тұрғыны өз тарапынан көкейін кернеген сұраққа нақты жауап алғанына алғысын білдірді.