Шымкент қаласының әкімі «Жыл волонтері» номинациясын табыстады

92

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен волонтерлер жылының жабылу салтанаты өтті. Жыл аясында елдегі еріктілік қозғалыстың қарқыны өсіп, волонтерлік акциялардың саны бірнеше есеге артқан.

Онлайн өткен іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов және волонтерлар қатысты.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов қала бойынша жылды қорытындылап, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы және «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлерін марапаттады.

– Волонтерлер жылы қоғамдағы азаматтық белсенділіктің дамуына жаңа серпін берді. Шымкент қаласында 20 қоғамдық ұйым еріктілікпен белсенді айналысады. Бұл ұйымдар 3000-нан астам еріктілермен жұмыс істейді. Шымкент қаласында Волонтерлар жылында «Birgemiz» жалпыұлттық жобасы, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне бағытталған «Тәлімгер», «Шымкент – қайырымды қала», «ECO SANA», «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы», «Ізгілікте жарысайық», «Мейірім» жобалары ұйымдастырылды. Жоба аясында тарихи-мәдени іс-шаралар, сенбіліктер, балалармен, қарт адамдармен және мүгедектермен әлеуметтік жұмыстар, қайырымдылық акциялары өткізілді. Туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысқан жомарт азаматтардың ісі көпке үлгі. Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген баршаңызға табыс, сарқылмас күш-жігер тілеймін, – деді қала әкімі.

Биыл Шымкент қаласы бойынша «Тұрақты даму мақсаттарының көшбасшысы» номинациясының иегері Әбдімәлік Балбаев, «Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін» номинациясының иегері Оксана Янченюк, «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясының иегері, «Шымкент қаласы ACCESS бітірушілерінің «ASAA» жастар қоғамдық ұйымының төрайымы Данара Саранова «Жыл волонтеры» премиясының иегерлері атанды.

Сондай-ақ, «OtauGroup» холдингінің президенті Қайрат Молдасейітов биылғы «Жомарт жүрек» сыйлығымен «Жыл тұлғасы» номинациясының иегері атанды. «Жыл тұлғасы» номинациясының иегері – қала әкімі жанындағы гендерлік комиссия төрағасының орынбасары, «Береке А» корпорациясы» ЖШС-і бас директорының кеңесшісі Рәшкүл Оспаналиева, «Туған өлке» номинациясының иегері – «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС-нің директоры Садулла Қалыбеков марапатталды.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі