Шымкенттіктер қаншалықты кітапқұмар?

227

Шымкентте «Кітап fest» фестивалі аяқталды. Бір аптаға жалғасқан кітап жәрмеңкесіне 2500-ге жуық тұрғын келген екен.

Тұңғыш рет өткізілген шарада еліміздің ең үздік шығармалары мен әлемдік туындылары оқырман назарына ұсынылды. Ал оларды еңкейген қариядан бастап мектептің бастауыш сынып оқушылары да қызыға алған.


Мегаполисте тұңғыш рет тұсауы кесілген «Кітап fest» фестивалі өз мәресіне жетті. Бір аптаға созылған шара Тұңғыш Президент күніне орай бастауын алған еді. Осы аралықта сүйікті шығармаларын сатып алуға 2500-дей тұрғын келіп үлгерген. Солардың бірі – Тұрар Сауытов. Өзімен бірге екі баласын ерте келген ол мұндай шаралардың қала тұрғындарына ауадай қажет екенін айтады.


Фестиваль соңында кітаптарын көтере келген баспа үйлері де марапатталды. Айта кетейік, кітап жәрмеңкесіне 10-ға жуық басылым қатысты. Бірі тарихи туындыларды ұсынса, енді бірі балалар әдебиетін, тағы бірі әлемдік туындыларымен келген.

Ал, қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан Кітап фестивалінің мұнымен бітпейтінін айтады. Тіпті келесі жолы жәрмеңке жаңа бағытта жаңғыруы мүмкін. Ол іске жауаптылар қазірден бастап кіріскенін айтады.


Шымкенттегі фестивальде сандықта жиналған шығармалар өз егелеріне жіберілмек. Еске салайық, ұйымдастырушылар мұқтаж отбасының балалары үшін кебеже қойған болатын. Оның ішіне келушілер сатып алған кітаптарының бірін қалдырып қайырымдылық жасауға мүмкіндік берілген еді.

Назерке Үкібасова