Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Керуен сарай» кешенінде «Жазғы кітап Fest» фестивалі басталды. Іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы құттықтау сөз сөйлеп, жобаның мақсаты мен маңызына тоқталды. Ол жазғы демалыс кезінде балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және оқырман мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Мерекелік іс-шара барысында жас оқырмандар түрлі танымдық және интерактивті ойындарға қатысты. Әуезді әндер мен мың бұралған билер кештің сәнін келтіріп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, балалар жаңа кітаптармен танысып, жаз бойы оқуға ұсынылатын қызықты шығармалар туралы ақпарат алды. Кітапхана қызметкерлері оқырмандарға кітапхана қызметтері жөнінде кеңес беріп, жас ерекшеліктеріне сәйкес әдебиеттер таңдауға көмектесті.
Айта кетейік, «Жазғы кітап Fest» жобасы үш ай жаз бойы жалғасады. Осы уақыт аралығында оқырмандар үшін қызықты кездесулер, танымдық шаралар, әдеби ойындар мен шығармашылық кештер өткізіледі. Жобаның басты ерекшелігі – үш ай ішінде ең көп кітап оқыған оқырманға арнайы бағалы сыйлықтар табысталады.







