Қазақстанда ерекше балалар мен барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға елдегі әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша теміржол билеттеріне 50% жеңілдік бар.
(Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау қағидалары, 17-тармақ) Ерекше балалар теміржол арқылы жеңілдікпен қатынауы үшін «Мейірім» электронды дисконт картасын алуға болады. Ол үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассасында тіркелу қажет. «Мейірім» электронды дисконт картасын алу үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассасына баланың туу туралы куәлігі мен мүмкіндігі шектеулі екенін растайтын анықтаманы ұсыну қажет. Картаның бағасы – 1 теңге. Рәсімделген соң бірден қолдана беруге болады.
(Дереккөз: sknews.kz)
Жеңілдетілген билеттерді 2020 жылдың 26 маусымынан бастап bilet.railways.kz сайтында онлайн рәсімдеуге болады. «Мейірім» электронды дисконт картасы бір жылға жарамды, одан әрі автоматты түрде ұзартылып отырады.
(ҚР ИИДМ Көлік комитетінің баспасөз қызметі)
Айта кетейік, «Мейірім» электронды дисконт картасымен пойыз билетіне жеңілдікті картаның иесіне ғана рәсімдеуге болады. Және тек Қазақстан бойынша әлеуметтік маңызды бағыттарда ғана. Бұл бағыттар тізімін aviata.kz/railways сайтынан көруге болады. Есте сақтау керек, пойызға отырарда және жол жүргенде жеңілдетілген билет алған жолаушының жеке құжаты мен мүмкіндігі шектеулі туралы анықтаманың түпнұсқасын өзімен бірге болуы тиіс.
Нұрлан Бектаев,
«Тұлға.кз» жобасы
«Оңтүстік Рабат», №51-52, 17 желтоқсан 2020 ж