Úı ANONS Облыс әкімі тұқымбақ жұмысымен танысты

Облыс әкімі тұқымбақ жұмысымен танысты

Түркістан облысында көгалдандыру жұмыстары жаңа қарқын алды. Облыс орталығында 400 миллион теңгеге салынған жаңа тұқымбақ жұмыс істеп тұр. Жылына миллиондаған ағаш пен гүл көшетін өсіретін кешен өңірді ғана емес, өзге аймақтарды да өніммен қамтуға мүмкіндік береді. Жоба экологияға қалай әсер етеді? Облыс әкімі тұрғындарды қандай бастамаға шақырды?

 

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан облысында  ауыл-аймақтарды көгалдандыру, экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл желектерді көбейту жұмысы жүріп жатыр. Мысалы, жақында Түркістан қаласында тұқымбақ  ашылды. Құны – 400 миллион теңге. Жалпы аумағы – 10 гектар. Тұқымбақтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров көгалдандырудың маңыздылығына тоқталды.

 

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Бізде барлық мүмкіндік бар. Осындай тұқымбақтарды облыс орталығында ғана емес, барлық аудан-қалада ашып, еліміздің басқа өңірлерін көшетпен қамтуымыз керек. Екіншіден, елге түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.  Әр тұрғын өз үйінің ауласына ағаш ексе, экология жақсарады. Өздеріңіз көрдіңіздер, 8 жылда Түркістанның ауа райы өзгеріп, температура сәл төмендеді. Бұның бәрі – көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі»

 

 

Тұқымбақтың құрылысы өткен жылдың қазан айында басталған. «SK Geokart»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  күтіп ұстауға жауапты. Онда гүл және ағаш көшеттерін өсіреді. Алда  тұқымбақтың жылыжай аумағын кеңейту, оған алып баратын асфальт жол салу, табиғи газ және ауыз су желілерін тарту, тіпті арнайы зертхана ашу  жоспарланған.

 

Жаңа тұқымбақтың құрылысы толық аяқталғанда жылына 700 мың түп біржылдық гүл, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 50 мың түп қылқанжапырақты ағаш және 100 мың түп көпжылдық гүл өсіріледі деп көзделген. Бұл өнімдер Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы саябақтарды, гүлзарларды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға пайдаланылып, жергілікті көшетпен қамтамасыз етпек. Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусымда 332 мыңнан астам көшет отырғызылған. Жалпы аймақта 14 тұқымбақ бар.

Дилара Иса