Түркістан облысында мектептерді жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Биыл бірқатар білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтсе, өткен жылдан бері жөнделіп жатқан мектептердің құрылысы аяқталады. Алдағы үш жылда өңірдегі 115 мектеп толық реновациядан өтпек. Жөндеу жұмыстары аясында қандай өзгерістер жасалады? Қанша қаржы бөлінді? Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімі жауаптыларға қандай тапсырма жүктеді?
Биыл Түркістан облысында 6 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Ал өткен жылы басталған 15 мектептің қалпына келтіру биыл аяқталады. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өткен жиында айтылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың мәліметінше, 2025-2027 жыл аралығында мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында Түркістан облысында 115 мектепті толық жаңғырту жоспарланған.
Бұл жөндеуге не кіреді? Басқарма басшысының сөзінше, шатырды, қасбетті, жылу, электр, су және кәріз жүйелерін жөндеумен қатар оқу кабинеттері мен асхананы, медициналық кабинет пен спорт залды, саниратиялық тораптар мен бейнебақылау камералары және дабыл жүйелерін, мектеп аумағын реттеу кіреді. Жоспар бойынша, 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, 2027 жылы – 36 мектеп дәл осы жаңартудан өтуі керек. Биылғы жөндеуге 14 миллиард теңгеден асады. 32 мектеп ағымдағы, қалғаны күрделі жөндеуден өтуі керек. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын, мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Мәжілісте әкім әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім нысандарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді, реновация аясындағы жұмыстарды сапалы орындауды, балалардың қауіпсіздігі мен қолайлы білім алу ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді. Жалпы биыл аймақта 38 мектептен бөлек тағы 125 мектеп ағымдағы жөндеуден өтеді. Оның 60-ында жұмыс аяқталған. Қалғанында жұмыс істеліп жатыр.
Дилара Иса






