Úı ANONS Жаңа ипотекалық ереже кімге тиімді?

Жаңа ипотекалық ереже кімге тиімді?

Қазақстанда ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәнін белгілеудің жаңа тәртібі бекітілді. Енді ең жоғары пайыз мөлшері сатып алушының баспана құнының қандай бөлігін өз қаражаты есебінен, ал қандай бөлігін банк есебінен төлейтініне тікелей байланысты болады. Тиісті қаулыны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық Банкі қабылдады. Бұл өзгерістің жылжымайтын мүлік нарығына қалай әсер ететінін әріптесім тарқатып айтады.

Логика қарапайым: бастапқы жарнаңыз неғұрлым аз болса және банктен алынатын несие сомасы көп болса, пайыздық мөлшерлеме де соғұрлым жоғары болады. Мәселен, егер сатып алушы пәтер құнының кемінде 30%-ын өз қалтасынан төлесе, ал банк 70%-ын ғана несиелесе, ипотека бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 20%-ды құрайды. Ал егер бастапқы жарна 30%-дан кем болса, мөлшерлеме 25%-ға дейін өседі. Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңашылдық жылжымайтын мүлік нарығынан гөрі банктік тәуекелдерді басқаруға көбірек қатысты. Өйткені банк үшін қомақты бастапқы жарна жинай алған адам сенімдірек көрінеді. Дегенмен, дәл осы 30% — көптеген қазақстандықтар үшін ипотека алу жолындағы ең қиын кезең.

АЛЕКСАНДР ПАК, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК БОЙЫНША САРАПШЫ: «Ай сайынғы төлемі жоғары несиеге келісу бір бөлек те, 30-60% көлемінде өз қаражатыңды жинау мүлдем басқа мәселе. Әрине, банктер тіпті базалық мөлшерлеме 17% болса да, маржаға қанағаттанбайды. Пайданың азаюы «улы» несиелердің қысқаруы есебінен өтелетіні сөзсіз. Бұл шектеу табысы төмен адамдарды нарықтан ығыстырып шығарады».

Жылжымайтын мүлік нарығының өзінде сарапшылар айтарлықтай өзгерістер күтпейді. Жаңа ережелер пәтер бағасын арзандатпайды да, қымбаттатпайды да, сондай-ақ ипотека беру тетігін өзгертпейді. Банктер қазірдің өзінде қарыз алушыларды мұқият іріктейді, ал жоғары пайызбен несие алғысы келетіндер саны көбейіп тұрған жоқ.

 ЛЕВ ТЕТИН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК САРАПШЫСЫ: «Бес айды бағалайтын болсақ, жағдай тұрақты. Нарық тыныш, ешқандай күрт өсу немесе құлдырау жоқ. Тұтынушылық сұраныс өткен жылдармен салыстырғанда аздаған артта қалумен жүр, бірақ ол қатты төмендеген жоқ. Жалпы алғанда, нарықтағы ахуал әзірге байсалды».

Алайда сарапшылар жылдың екінші жартысында сатып алушылардың белсенділігі артады деп күтуде. Жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Оған дейін ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме 25% деңгейінде сақталады.

 

Ботакөз Әнуар