Úı ANONS Шымкентте ерекше балаларға арналған орталық нәтижелі жұмыс істеуде

Шымкентте ерекше балаларға арналған орталық нәтижелі жұмыс істеуде

Қала әкімінің бастамасымен ашылған «Балауса» №11 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерге кешенді қолдау көрсетіп келеді. Мұнда балалардың денсаулығын жақсартумен қатар, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуі, танымдық қабілетін дамыту және күнделікті өмірге қажетті дағдыларын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

 

Заманауи талапқа сай жабдықталған орталықта әр балаға жеке тәсіл қолданылады. Мұндағы басты мақсат – ерекше қажеттілігі бар балалардың өмір сапасын жақсартып, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау және олардың бойындағы қабілетті дамыту. Баланы қабылдағаннан кейін мамандар алғашқы 10-14 күн аралығында бақылау жүргізеді. Осы уақыт ішінде тәрбиеленушінің жас ерекшелігі, мінез-құлқы мен даму деңгейі сараланып, содан кейін ғана түзету-дамыту жұмыстары басталады. Сонымен қатар балалар диагнозына қарай арнайы топтарға бөлініп, әрқайсысына жеке оңалту бағдарламасы әзірленеді. Балаларға дефектолог, логопед, психолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, массаж мамандары және өзге де білікті қызметкерлер кешенді көмек көрсетеді.

 

Орталық 150 орынға есептелген. Қазіргі таңда мұнда 119 бала арнаулы әлеуметтік қызмет алып жүр. Оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен психикалық дамуында ерекшелігі бар бүлдіршіндерге арналған топтар жұмыс істейді. Тәрбиеленушілер таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін орталықта болып, төрт мезгіл тамақтанады әрі күндізгі тынығумен қамтылады.

 

Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сапалы оңалту қызметінен бөлек, олардың қоғамға бейімделуі мен әлеуетін дамытуға жан-жақты жағдай жасалған. Мамандардың айтуынша, ерте басталған оңалту жұмыстары балалардың болашақта өздігінен өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға және білім беру ортасына бейімделуіне оң әсер етеді.

 

Орталықта барлығы 16 топ жұмыс істейді. Әр топтағы оқу-түзету және дамыту сабақтары балалардың жас ерекшелігі мен медициналық диагнозына қарай ұйымдастырылады. Мәселен, өздігінен жүре алмайтын жасөспірімдерге мұндағы мамандар дәрігерлердің тағайындауымен дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Сонымен қатар, реабилитациялық массаж қызметін көрсетеді.

 

 

Балалардың денсаулығын жақсарту және ағзаның қалпына келу процесін жеделдету мақсатында орталықта заманауи оңалту аппараттары арқылы емдік-сауықтыру шаралары жүргізіледі. Әрбір балаға көрсетілетін ем түрі мен оның ұзақтығы дәрігердің қорытындысы негізінде, баланың жас ерекшелігіне, денсаулық жағдайына және көтере алу мүмкіндігіне қарай жеке жоспарланады.

 

Мұндай кешенді тәсіл оңалтудың тиімділігін арттырып, балалардың қимыл-қозғалыс белсенділігін, жалпы физикалық және психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.  Бұдан бөлек, орталықта балалардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануына ерекше көңіл бөлінеді. Әр балаға оның жас ерекшелігі, денсаулық жағдайы және ағзасының қажеттілігі ескеріле отырып, жеке тамақтану мәзірі ұсынылады. Қажет болған жағдайда дәрігердің ұсынымына сәйкес арнайы емдік тағамдар да беріледі.

 

Айта кетейік, «Балауса» №11 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы биылғы 16 сәуірден бастап жұмысын бастады. Орталық 150 орынға шақталған. Оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға – 50, психикалық дамуында ауытқуы бар балаларға – 100 орын қарастырылған. Қазіргі таңда мұнда 119 бала оңалту курсынан өтуде.

Нұргүл Жолымбетова