Жыл басынан бері Шымкентте дүниеге келген 9 сәбиге Елбасы есімі берілген

194

Жыл басынан бері Шымкентте дүниеге келген 9 сәбиге Елбасы есімі берілген. Тіпті жерлестеріміздің арасында Нұрсұлтан Назарбаев есімді азаматтар да аз емес екен.

Шымкенттік тұрғын Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген. Ол кезде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саясат сахнасында таныла бастаған тұсы. Осы жақсылықты ырымдаған ағасы Өзбекстанда туған жас сәбиге Нұрсұлтан есімін беріпті. Бүгінде отыздан асқан Назарбаев Шымкенттегі медицина ұйымын тізгіндеп отыр. Сөзінше Елбасы есімін абыроймен арқалау – оңай емес. Атына кір келтірмеу үшін ол Тұңғыш Президент кітаптарын жиі оқиды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, қала тұрғыны: «Ия үлгі тұтамын. Өте жауапты. Бірінші Тұңғыш Президентіміз болғандықтан, әрине, қиын-қыстау замандарда барлық қаншама мемлекет бірлестен шашырай бастағаннан кейін, Тәуелсіздігіміз мысалы: жер териториясы бойынша 9-орында тұратын болсақ, өз елін жоғары көтеру өте жауапты тірліктердің бірі. Және қиын».

Фамилиясы Назарбаев болмаса да, Нұрсұлтан есімді Шымкенттегі полиция қызметкерлерінің арасындағы ең лауазымдысы қалалық Полиция департаменті жедел криминалистика басқармасының бастығы, полиция-майоры Нұрсұлтан Қансейтіов.

Оның бұл саладағы еңбек өтілі 8 жыл. Есімімнің Нұрсұлтан болғаны биік белестерді бағындыруыма септігін тигізді дейді ол. Өз есімім жауапкершілікті сезіндіріп, адал қызмет етуіме ықпал етті дейді полицей.

Нұрсұлтан ҚАНСЕЙІТОВ, Шымкент қалалық ПД жедел криминалистика басқармасының бастығы: ««Мен мектеп бітіргеннен кейін Ресей Федерациясы ішкі істер министрлігі Волгоград академиясына оқуға түстім. Онда орыстар басқа ұлттардың аттары қиын болғандықтан менің есімімді естігеннен кейін Нұрсұлтан деп, фамилиямды білмегеннен кейін Назарбаев деп айтатын. Сабақ айтуға шақырса да «Назарбаев выходи» деп айтатын. Кейде сабаққа дайындалмай қалған кезде барлықтары маған сыни көзбен қарап, «у тебя имя Нұрсұлтана, мы тебя не зря Назарбаевым называем, почему не готовишся?» деп сын айтататын».

Мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері Шымкентте 9 нәрестеге Нұрсұлтан есімі берілсе, Түркістан облысында 31 сәбидің туу туралы куәлігіне Нұрсұлтан деп жазылған. Бұл есім педагогтардың арасында да жиі кездеседі.

Түркістан облысында 60 мың ұстаздың ішінде 189 мұғалім Нұрсұлтан есімді болса, ал Шымкенттегі 375 білім беру мекемесінде Елбасымен аттас 195 ұстаз шәкірт тәрбиелеуде.

Нұрсұлтан есімді 24 азамат мемлекеттік қызметте жүрсе, облыстағы статистика 43 Нұрсұлтан мемлекеттік қызметте дейді. Сондай-ақ, Шымкент қалалық полиция департаментінде Тұңғыш Президент есімімен аттас 47 пагонды жұмыс істейді. Ал Түркістан облысында 40-қа жуық полицей есімі Нұрсұлтан. Ал күнгей өңірдегі ақ халатты абзал жандардың 99-ы Тұңғыш Президент есімімен аттас екен.

Нұрлан Сұлтанбек