Бір жылда 3526 қазақстандық суицидтен көз жұмған

112

Атамекеніне көшіп келетін қандастар қатары кеміп барады. Бұл тақырыпты Мәжілістің бір отырысында қос депутат көтерді.

Халық қалаулыларының сөзінше тәуелсіздік алған жылдары отанға 10 мыңнан 20 мыңға дейін этинкалық қазақ оралса, қазір квота жылына бар болғаны 1500-ге жуық қандасқа беріледі екен. Оның өзіне ие болғандар әлі күнге дейін әр есікті жағалап жүрген көрінеді.

Ғазиз ҚҰЛАХМЕТВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Тағдырдың тәлкегімен небір шытырман оқиғаларға тап болып жатқан қандастарымыздың әлі де көп екені анық. Ауғанстан, Иран, Ирак, Пәкістан мемлекеттерінен келген қандастарымыздың проблемасы шаш-етектен. Халықаралық геосаяси жағдайларға байланысты елге оралған әрбір адамның құжаты тиісті мекемелерде мұқият өтуі де қисынды».

Керісінше соңғы жылдары Қазақстаннан көшкендер қатары көбейген. Осылай деген депутаттар 5 жыл ішінде 200 мыңға жуық қазақстандықтың қоныс аударғанын айтады. Бұл көрсеткіш 2012 жылдан бастап байқалған. Үкімет басшысы Асқар Маминге сауалнама жолдаған мәжілісмендер енді елдің әлеуметтік жағдайын түзету керек дейді.

Сауытбек АБРАХМАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Тұрғын үй бөлу, жеңілдетілген кредиттер беру, жайылымға егіндікке жер учаскелерін тарату, көшетақы қаражатын қарастыру тиісінше ойластырылмаған. Жаңа өңірге көшіп барудың оңды тәжірибесі дұрыс насихатталмайды».

Әлеуметтік жағдай жұрттың туған жерден үдере көшуіне ғана емес, өз өзіне қол салуына да себеп боп тұр екен. Мәжілісмендер сөзінше Қазақсан суицидтен әлемде алдыңғы орындардың қатарында. Бір жылдың ішінде 3526 отандасымыз өзіне қол жұмсап, бақилық болған. Оның 144-і жасөспірім. Ал, өмірмен қоштасуға ұмтылғандар саны 5000-ға жуық.

Ерлан САИРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Азаматтардың өзінің ата-аналық миссиясын толыққанды орындауына жағдай жасау мақсатында Еңбек кодексінің баптары нақты орындалуы басты міндет. Мемлекеттік қызметтегі, ірі кәсіпорындарда еңбек ететін ата-аналар кешкі сағат 18:00-де жұмыста қалмауы қажет».

Жаңа депутаттар белсенділігін көрсеткен Мәжілістің бұл отырысында бірнеше заң жобасы мақұлданды. Олардың арасында ұрлықпен шетелге өтіп кеткен көліктерді елге қайтару заңы бар. Айта кетейік, 15 жыл ішінде Қазақстанда 40 мыңнан аса темір тұлпар қолды болған. Олардың 223-і шетелден табылған. Алайда, табылған машинаның барлығы иесіне қайтпапты.

Заң жобасы күшіне енсе, Ресей, Тәжікстан және Молдоваға ұрлықпен әкеткен көліктер кері қайтарылмақ

Назерке Үкібасова