Adult and chiild hands holding jigsaw puzzle heart shape, Autism awareness, Autism spectrum family support concept, World Autism Awareness Day

Ерекше балаға күтім жасайтын анасына (әкесіне, апасына, т.б.) зейнетақы қалай
төленеді? Балаға күтім жасаған жылдарызейнет өтіліне есептеле ме? Себебі, ерекше
баланың қамқоршысында, көбіне, жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Бүгін осы мәселені талқылап көрейік.

Қазақстанда зейнетақының үш түрі бар.
1) Базалық зейнетақы 2018 жылдан бастап еңбек өтілі мен ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарай есептеледі. Мысалы, еңбек өтілі 10 жыл немесе одан аз адамдарға базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 54% мөлшерінде төленеді. Әр 1 жылғы еңбек тәжірибесіне 0,02 төменгі күнкөріс деңгейі қосылады. Яғни зейнетақы жасына жеткен азаматтарға мемлекет тарапынан төленетін міндетті әлеуметтік көмек.
2) Ынтымақтас зейнетақы 1998 жылға дейін жұмыс істеген, соған дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтарға төленеді. Бұл зейнетақыны толық алу үшін еңбек өтілі ерлерде 25 жылдан кем емес, әйелдерде 20 жылдан кем болмауы тиіс. 2040 жылға қарай ынтымақтас зейнетақы беріліп бітеді, өйткені ол кезде зейнетке шығатындардың 1998 жылға дейінгі еңбек тәжірибесі болмайды.
3) Жинақтаушы зейнетақы кәсіби және ерікті түрдегі міндетті жарналардан құралады. Қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түседі.
Айта кетейік, 2040 жылдан соң зейнетке шыққан азаматтарға базалық және жинақтаушы зейнетақы төленеді.
Ерекше баланың қамқоршысына күтім жасаған жылдары үшін зейнет өтілі есептеледі. Бұл норма Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген.
Дегенмен, заңгерлердің мәліметінше, кей жағдайларда балаға күтім жасаған жылдарын сот арқылы дәлелдеу қажет болуы мүмкін.
«1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде мыналар есепке алынады:
(…) 7) 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт;»
(«ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 13-бабы, 7-тармақша)
ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің бөлім басшысы Әнуар Ілеспаев та ерекше балаға күтім жасаған жылдар зейнет өтіліне есептелуге жататынын нақтылады.
Бұл тәртіп заңда былай көрсетілген:
«… 2) өтініш берушінің еңбек өтілін растайтын құжаттар:
(…) 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтімді жүзеге асыру фактісін және кезеңін растайтын соттың шешімі».
(Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидалары. 5-тармақ, 2-тармақша)

Нұрлан Бектаев,
«Тұлға.kz» жобасы

«Оңтүстік Рабат», №1, 7 қаңтар 2021 ж