Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бірінші проректоры Қайрат Нұрманбетов мәлімдеді.

– Елімізде енгізілген карантин жағдайына байланысты жоғарғы оқу орындарындағы 2020-2021 оқу жылының көктемгі семестрінде санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтау бойынша тиісті нұсқамалар бекітілді. Аталған нұсқамаға сәйкес 1-курс студенттері аралас оқу форматында білім алады. Яғни, лекциялар – онлайн, зертханалық және практикалық сабақтар дәстүрлі форматта аудиторияларда 40 пайыздан аспайтын қатыстырылым бойынша жүргізіледі. Ал 2-3 курс студенттері үшін көктемгі семестр онлайн жүйесінде ұйымдастырылады, – деді Қайрат Еңбекшіұлы.

Спикердің сөзінше, 1-курс студенттерінің қатынап білім алуына ата-аналар тарапынан қарсылық болмаған. Себебі онлайн формат білім сапасына әсер етпегенімен, баланың қоғамдағы тұлғалық дамуына тікелей қатысты. Одан бөлек, университетте студенттердің сабақтан тыс уақыттағы қарым-қатынасын болдырмау мақсатында үзілістердің жылжымалы кестесі әзірленген. Сонымен қатар білім алушыларды жатақханаға орналастыру 50 пайыздық толымдылықты қамтамасыз ету арқылы жүргізіледі. Бұл ретте магистранттар мен докторанттарға теориялық білім беру академиялық күнтізбеге сәйкес қашықтан және аралас форматта, ал шетелдік студенттер онлайн жүйесінде оқытылады.

Айта кетейік, дәстүрлі форматта оқыту барысында барлық санитарлық талап қатаң сақталады.