«Тағдырластар» клубына – 10 жыл

91

«Тағдырластар» клубына – 10 жыл. Бұл клуб көзі нашар көретін жандардың басын қосып, заман ағымына сай дамуына барынша мүмкіндік жасап келеді. Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматттарға арналған арнайы кітапханада арнайы жиын өтті.

Шымкент қаласының тұрғыны Нұржан Амангелдіұлы тағдырластарының бір сәт күйбең тіршілікті ұмытып, сергуі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Сондықтан бұл күн олар үшін ерекше дата. Нұржанның айтуынша, олар тек жиналып қана қоймайды. Бұл жерде өздерін дамытуға да зор мүмкіндік бар.

Нұржан Амангелдіұлы, «Тағдырластар» клубының мүшесі: «Клуб мүшесі ретінде 10 жылда ән жазып жатырмыз, осында келіп ән айтамыз. Жаңа әндерді дүниеге алып келіп жатқан жайымыз бар. Жалпы бұл клубтың ерекшелігі іс-шаралары бір ойындармен, ән айту барлық жағын қамтамасыз етеді».

10 жыл ішінде көзі нашар көретін және зағип жандардың клубтың жеткен жетісіктері көп. Клуб мүшелері мүмкіндігі шектеулі бола тұра биік белестерді бағындырғандарын мақтанышпен айтады.

Бәкір Нұрманбетов, Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматттарға арналған арнайы кітапхана директоры: «Өнерлі азаматтарымыз бар. Оның бірі мына «Тағдырластар» клубын басқарып отырған Ербек бауырымыз бен Мәдина екеуінің Қазақстан «Гиннес кітабына», Қазақстанның «Алтын кітабына» еніп отыр. «Тағдырластар» клубынан қаншама қанаттанып ұшқан талантты жастарымыз көп».

Әдеби іс-шараларды өткізу ерекше жандар үшін дәстүрге айналған. Олар зиялы қауым өкілдерімен де кездесіп, пікір алмасуды әдетке айналдырған. Ал, ұйымдастырушылар бұл клуб көзден таса қалған ерекше жандардың мүддесін қорғау үшін жұмысын жалғастырады дейді. Осылайша, қоғамнан алыстатпайтындарын айтады.

Ербек Бакиев, Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматттарға арналған арнайы кітапхананың бөлім меңгерушісі: «Алдағы уақытта осы клубтың жұмысын одан әрі жандандырып, шығармашылықты одан әрі жаңғыртып жастардың мүддесіне жұмыс жасаймыз. Олардың қоғамға берер пайдасын сезіндіріп, оларды еркін өмірге бейімдеу. Кейіннен көзі көрмей қалған азаматтарды кең араластырып, қоғаммен етене байланыстырып, осы бір өмірдің тұтқалы азаматы етуге кішкентай болса да себеп болсақ деген ниеттеміз».

Бүгінде клубқа мүше жандар өзге тұрмақ өздері білмейтін өнерімен танысып, жаңа қырларын ашуда. Рухани баюды мақсат еткен жандар мұндай клубтардың көбейгенін қалайды.

Мөлдір Ибадуллаева