5 сағат 48 минут: Шымкенттік транплантологтар рекорд жаңартты

111

Шымкенттік трансплантологтар рекорд жасады. 15 сағатқа жалғасатын отаны ақ халаттылар небәрі 5 сағат 48 минут ішінде аяқтаған. Осылай деген №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері бұл рекордтың басы ғана дейді. Сөздерінше, әкімдіктен қолдау көрсетіліп, керекті техникамен толық қамтылса, жергілікті ақ халаттылар шамасы бұдан да зорына жетеді.

Айта кетейік, елдің трансплантология саласындағы рекордтық бұл ота 2019 жылы тіркелген болатын. Мақтануды жөн санамадық деген бас дәрігер жетістікті қала әкімінің алдында жуырда ғана баяндаған. Ал, бауыры ауыстырылған науқастың жағдайы қазір жақсы дейді. Қарындасының бауырын алған Бауыржан Әуезбаев шымкенттік дәрігерлерге дән риза.

Абылай Донбай сөзінше соңғы кездері бауыр донорына зәру боп жүргендер қатары артып барады. Күннен күнге өскен көрсеткіштің пайда болу себебі көп. Әдетте науқастар гепатит ауруын тіс емханасына, шаштаразға не сән салонына барып қызмет алғанда жұқтырады дейді бас дәрігер. Сондықтан да әр азаматты жеке қызмет алғанда гигиенаға баса назар аударуға шақырып отыр.

Назерке Үкібасова