Келестіктердің 7 миллион теңгесін жымқырып кеткен алаяқ құрықталды

160

Бүгінде алаяқтық қылмысы кең таралуда. Ал, тәртіп сақшылары аталмыш қылмыстың алдын алып, болдырмауда, алаяқтарды ұстауда қарқынды қызмет атқарып келеді. Мәселен, мына жайтта алаяқ өзін белгілі қызметкер ретінде таныстырып, мемлекет тарапынан қайтарымсыз ақша алып беремін деп тұрғындардан 7 миллионға жуық ақша алып қалтасына басқан.

Келес АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келеді. Оның айтуынша, сырттай танысы «Ауыл шаруашылығы» бойынша мемлекет тарапынан қайтарымсыз ақша алып беретінін айтқан. Ол үшін алдын ала кәсіпкерлікке ақша құю керек деп 3 400 000 теңгесін алған. Алайда 1 айдан астам уақыт өтсе де, ешқандай нәтиже шықпаған. Алаяқ не көмек ақшаны шығарып бермеген, не тұрғынның өз ақшасын қайтармаған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарын бастады. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматты жергілікті мекенжайынан ұстап бөлімшеге жеткізді. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүруде.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті тұрғынға жалған ақпарат беріп сеніміне кірген. Сондай-ақ күдікті азаматтың бұрын кәсіпкерлікте жұмыс істегені белгілі болды. Сонымен қатар, ер адамның бұл қылмыстық іс-әрекетпен шектелмей, тағы 3 азаматтан дәл осындай алаяқтық жолмен ірі көлемде ақша алғаны анықталды. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 6 миллион 800 мың теңгені құрады. Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдыры жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қамауда.

Түркістан облысының полицейлері кезекті рет ескертеді: алаяқтардан әрдайым сақ болыңыздар! Олар өз олжасына қол жеткізу үшін, түрлі айла-амалдарды қолданады.