Полицей мен тұрғын көпірден секірмек болған жас жігітті құтқарды
Сарыағаш АПБ-не Сарыағаш қаласы Жетісай-Шымкент тас жолында орналасқан аспалы көпірден түнгі уақытта белгісіз азамат өз-өзіне қол жұмсамақ болып, құлайын деп тұрғаны жөнінде хабарлама келіп түседі. Аталған жайт Сарыағаш АПБ-не тіркеліп, полицейлер бірден оқиға орнына шықты.

Жедел 3 минут ішінде жеткен полицейлер көпірге ілініп тұрған азаматты көреді. Өз-өзіне қол жұмсау мақсатында биіктен секірмек болған ер адамның жанына жақындап, оны аман алып қалуға қажетті шараларды іске асырады. Сол жердегі тұрғынның бірі оны сөзге айналдырып тұрғанында, полицей көпірге ілініп тұрған ер адамның белдігінен қатты ұстап қалады. Содан қалған полицейлердің барлығы жабыла, оны шығарып алады. Осылайша Сарыағаш АПБ ЖППБ қызмет инспекторы полиция аға лейтенанты Ерболат Диханбаев пен Сарыағаш аудандық ХҚКО қызметшісі Талғат Камиловтердің шұғыл іс-әрекеттері мен қырағылығы арқасында, көпірден құламақ болғанның ойы іске аспай қалды.

Тексеру барысында өз өмірін қимақ болған жан, жас жігіт болып шықты. Сараптама қорытындысына сәйкес оның «жеңіл» дәрежелі масаң күйде екендігі анықталды. Белгілі болғандай, тұрғын отбасылық кикілжіңнен соң, ішімдік ішкен. Содан суицид жасау ойы туындаған. Алайда полицейлердің кәсіби шеберлігі арқасында барлығы жақсы аяқталып, ол отбасына аман-есен табысталды. Жас жігітпен психологтар әңгімелесу ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жалпы, тұрғындардың амандығы мен тыныштығын сақтауда полицейлер әрқашан алғы шепте жүреді. Тәртіп сақшыларының басты міндеттерінің бірі – халықтың қорғаны, қорғаушы болу. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.