Шымкентте жұмыс берушілерді қолдау бөлімі ашылды

213

Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің ашылғанына бір ай асты.

Бөлім «Еңбек» бағдарламасының 3-ші кезеңі «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» аясында жұмыс атқаруда. Бөлім қызметкерлері жұмыс берушілерден түскен өтінімдер бойынша қажетті жұмыс күштерін ұйымдастырады.

Ботагөз Шитыбаева «Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыс берушілерді қолдау бөлімі ашылғаннан бері өтінімдеріміз тез қаралуда, жұмысымыз жеңілдеді» дейді. Есесіне, осындағы мамандар жұмысқа жолданған азаматтардың табельдерін қабылдап, есеп-қисап бөліміне айлық жалақыларын аудару үшін өткізеді екен.

Ботагөз Шитыбаева, Түркістан облыстық клиникалық аурухананың қызметкері: «Біздің аруханаға 2 бағдарламашы мен бір заңгер керек. Өтінімді қабылдады. Жастар бізде жұмыс істеуді, ұжымда  өзін қалай ұстауды үйренеді. Егерде жақсы  жұмыс істесе,  онда тұрақты жұмысқа қабылданады».

Жыл басынан бері бөлім қаладағы 800-ге жуық жұмыс берушінің өтінімін қабылдап, олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Былтыр жастар практикасы бойынша 2 мыңнан астам жас маман уақытша жұмысқа орналасқан. Айта кету керек, жастар практикасы бойынша 6 айлық жұмысқа жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітіргеніне 3 жылдан аспаған, бұрын жастар практикасына қатыспаған 29 жасқа дейінгі жас мамандар қатыса алады.
«Өтінім түскен бойда жастар практикасы бойынша жолдама уәкілетті органмен ол қалалық жұмыспен қамту және  әлеуметтік қорғау басқармасындағы комиссиямен қаралып,  бекітіледі», дейді жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің басшысы Дария ОРДАБАЕВА.

Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналасқан жас мамандар ағымдағы жылдан бастап айына 72 900 теңге жалақы алады. Ал былтыр бұл көрсеткіш 69 700 теңге болатын. Жаңа бөлім ақылы қоғамдық жұмыс және жастар практикасы бойынша жұмыссыз азаматтарды уақытша жұмыспен қамтып қана қоймай, «Еңбек.кз» электронды еңбек биржасы порталындағы бос жұмыс орындарына талдау жасайды.

Сонымен қатар, жұмыс берушілердің бос, қысқарған жұмыс орындары туралы мәліметтерін аталған порталға енгізуін қадағалайды.

Шынар Оразова