Шымкенттік азамат мейрамхананың атауы мемлекеттік тілде жазылмағаны үшін шағым түсірді

322

2021 жылдың 26 ақпан күні Шымкент қаласының тұрғыны Ерғали Көлбаев қаладағы Ғ.Илияев көшесінде орналасқан «Хан Кук» мейрамханасының атауы мемлекеттік тілде жазылмағаны бойынша шағым түсіріп, учаскелік полиция инспекторларын шақырған.

Полиция қызметкерлері келіп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде мейрамхана жұмысшыларының кейбіреуі бетпердесіз жүргені анықталды. Ол бойынша мекеме әкімшілігінен түсініктеме алынып, шара көру үшін әкімшілік іс-құжаттар жинақталды.

Болған жағдайды естіген мейрамхана иесі Оңтүстік Корея мемлекетінің азаматы Хонг Сонг Хи аталған аумақтың учаскелік полиция инспекторының келуіне наразылық білдіріп, әңгімелесу барысында «қызметтік куәлігін көрсетпегенін, 10 жыл көлемінде ақысыз түскі ас бергенін, ай сайын ақша беріп тұрдым» деп айыптаған.

Осы аталған жайтқа қатысты мән-жайды анықтау мақсатында 27.02.2021 жылы Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов «Хан Кук» мейрамханасының иесі Хонг Сонг Хи мырза және оның аудармашысы В.Пак, мейрамхана әкімшісі Л.Тойбекова, «Қазақ Инвест» ҰК аумақтық директоры Д.Иманбеков және Әл-Фараби ауданының учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Ақылбеков Дарханбек пен жауапты қызметкерлерін шақыртты.
Кездесу барысында аталған жайт жан-жақты талқыланып, нәтижесінде Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Ақылбеков Дарханбекке қызмет атқару барысында қызметтік куәлігін көрсетпегені үшін «сөгіс» тәртіптік шарасы жарияланды. Мейрамхана иесі әлеуметтік желіге шыққан бейнежазбадағы сөздерді ешқандай дәлелсіз, қызбалыққа салынып айтқанын алға тартты. Сонымен қатар, өзіне қатысты кейбір жәйттердің осыдан бірнеше жыл алдын орын алғанын, қазіргі таңда полиция қызметкеріне қатысты қояр талап-тілегі жоқтығын айтты.

Алдағы уақытта мейрамхана иесіне қандайда бір заңбұзушылық орын алған жағдайда жедел хабарлауын және Шымкент қаласы Полиция департаментінің ватсап желісіндегі «жедел ден қою» чатына ақпарат жіберуге болатындығын түсіндірді. Аталған чатқа тіркеді.