Шымкенттік кәсіпкер мәрмәр ет өндірісін дамытуда

132

Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Нурали» шаруа қожалығы мал шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосуда. Ірі қара мал бордақылаудың қыр-сырын жақсы меңгерген қожалықтың негізі 2005 жылы қаланған.

Қожалық ең алдымен 7 бас ірі қара мал бордақылаудан бастаған екен. Бүгінде ауқымын кеңейтіп, мемлекет көмегімен мал басын арттырып отыр. Қоражайда қазіргі таңда 1000 басқа жуық ірі қара малды баптауда.

2010 жылы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар арқасында шаруашылық аумағын ұлғайтып, сонымен бірге мал бордақылау алаңының сыйымдылығын 400 басқа, 2014 жылы 700 басқа дейін жеткізген.

Ал 2018 жылы мал бордақылаумен қоса сағатына 2 тоннаға дейін құрама жем шығаратын цехты іске қосқан. Бұл өз кезегінде шаруа үшін ет өнімінің көлемін арттыруға септігін тигізді деуге болады.

Істің көзін тапқан кәсіпкер бұл межемен тоқтап қалмай 2019 жылы қоражай аумағын тағы да кеңейтіп, бордақылау алаңының сыйымдылығын 1000 басқа дейін жеткізген.
Шымкент қаласы Ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, бүгінде шаруашылықтардың көшін бастап келе жатқан қожалықта ірі қара малды жай бордақылап қана қоймай, одан сапалы ет алып, дамыту үстінде. Нақтырақ айтқанда, нарықта қымбат бағаланатын мәрмәр ет өндіруде. Өндірілген өнімін қаламыздан бөлек еліміздің шет аймақтарына да жөнелтуде. Бүгінде оған мейрамханалардан сұраныс көп.
Айта кетейік, қазіргі таңда мұнда ірі қара малдың мәрмәр етін бере алатын тұқымдары бордақылануда. Атап айтқанда, 30%-ы «Абердин-Ангус», 30%-ы «Әулиекөл», 30%-ы «Қазақтың ақбас» және қалған 10%-ы жергілікті ірі қара мал тұқымдары.

Жеке кәсіпкер отбасылық шаруасын одан әрі жандандыру үшін алдағы жылы қоражай аумағының сыйымдылығын 1500 басқа дейін жеткізуді, сонымен бірге сапалы ет өнімінің үлесін көбейтуді жоспарлап отыр.

Қосымша сұрақтар бойынша байланыс телефон нөмірі: 8 (7252) 24-74-08.

QAINAR KÓZШымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы