COVID-19: Мыңнан астам науқасты емдеген дәрігер

176

Пандемия кезінде індетпен алдыңғы шепте күрескен ақ халаттылар. Солардың бірі мыңнан астам сырқатты емдеп шыққан шымкенттік дәрігер инфекционист, медицина саласында 28 жылдық тәжірибесі бар -Гүлнәр Исабаева.

Дәрігер болуды кішкентайынан армандаған Гүлнара 2 қыз 1 ұлдың анасы. Өткен жылы жаз айларында коронавирус өршігенде айлап үй бетін көрмеген абзал жан өзін басқа салада елестете алмайтындығын айтады. Сырқаттанған адамдарға кез-келген уақытта барынша көмекке дайынмын дейді.

Гүлнәр ИСАБАЕВА, дәрігер-инфекционист: «Пандемия кезінде біз үйге барған жоқпыз. Бізді қонақ үймен қамтамасыз етіп, әкімшілік тарапынан қонақ үйге барып жаттық. Ол кезде мен үш ай үйге барған жоқпын. Өзімді басқа салада елестете алмаймын. Медицина саласын таңдағаныма өкінбеймін. Иә, дәрігер болу өте қиын. Бірақ отбасым, бала-шағам да бәрі түсіністікпен қарайды. Түңгі кезекшіліктер, санавиациямен басқа аудандарға барып консультативті кеңес көрсетулер. Тәуліктің кез-келген уақытында үйден шығып кете беремін».

Пандемия басталғаннан кейін білікті маман инфекцияға шалдыққан науқастарды емдеу үшін «Асар» шағынауданындағы коронавирусқа қарсы инфекциялық госпитальге жұмысын ауыстырған. Қазір қабылдау бөлімінің меңгерушісі. Емдеу ісіндегі біліктілігінің арқасында дәрігер өз әріптестері мен халық алдында үлкен құрметке бөленген абзал жан.

Ақмарал САДЫҚОВА, дәрігер инфекционист: «Пандемия кезінде ауруханада басынан бастап бірге жұмыс жасап келе жатырмыз. Жастарға өзінің білімін, тәжірибесін әрдайым үйретіп жүреді. Бірнеше дәрігерлерді білімімен бөліседі. Үйретіп келе жатыр қанша жылдан бері. Білікті маман. Отбасылық тұрғысынан да араласамыз бір-бірімізбен. Адамгершілігі мол. Өте жақсы адам деп айта аламын».

Қазіргі таңда Гүлнәр Исабаева коронавирустық инфекциясы бар пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсетуді жалғастырып отыр. Осы күнге дейін дәрігер мыңнан астам науқасты қауіпті індеттен емдеп шыққан. Сөзінше, қалада коронавирус бойынша жағдай тұрақты. Алайда, әлі босаңсуға болмайды дейді. Сондықтан, алғашқы сақтық шараларын сақтау керектігін айтады.

Олжас Айдарбек