Көрісу күні – Наурыз мейрамының бастауы

155

 

Шымкентте Ұлыстың ұлы күнінің бастауы болып табылатын Көрісу күні атап өтілді. Наурыз мейрамына арналған онкүндікті қала әкімі Мұрат Әйтенов ашып берді. Сондай-ақ әдет ғұрып және салт-дәстүр орталығында тұрғындарға 100 литр Тілеу көже тарту етілді, ұйымдастырушылар ұлттық тағамның шығу тарихын кеңінен түсіндірді. Мереке «Сәлем, қазақ елі» концертімен аяқталды.

Көрісу күні осылай басталды. Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамлеясы ғимаратында өткен іс-шарада қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарға ыстық лебізін білдірді. Мерекенің құндылығы мен маңыздылығын айтқан шаһар басшысы қазақстандықтарды көктем мерекесі Ұлыстың ұлы күнін тойлау үшін Шымкентке келуге шақырды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қазақстандағы ең жылы, ең дәстүрлі, ең қонақшыл бұл  – Шымқала. Сол Шымкент қаламызға бәрі келіп, әр жылда жыл сайын осы дәстүрді Шымқаласында атап өтуге шақырамын. Енді ардақты ағайын деніміз сау, әр жыл сайын, әр ай сайын, әр күн сайын осылай амандықта көрісіп тұруға жазғай. Шымкент Наурыз мейрамы ашық деп жариялаймын».

Әрі қарай бұл мереке қаламыздағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында жалғасын тапты. Орталықта 100 литр көже дайындалып, қала тұрғындары бір қазаннан дәм татты. Жастарға жеті түрлі тағамнан даярланатын астың шығу тарихын әжелер қауымы тереңінен түсіндірді.

 


Бұл іс-шарада қазақы әндер де шырқалып, халықтың көңілі көтерілді. Сондай-ақ, амал мерекесінде көптен көріспей жүрген жандар қауышып, мәз мейрам болысты. Солардың бірі 2-ші курс студенті – Аружан.

Аружан Саду, студент: «Көрісу мерекесінде мен өзімнің достарымды, өзімнің ұстаздарымды көрдім. Көптен көріспеген құрбыларым бар болатын. Олар да осында келіпті. Өте қатты қуаныштымын. Бір жыл болды көріспегелі. Сол себепті осы мерекені қатты жақсы көремін. Мектеп кезінен бастап бізде қазақи нақыштағы киімдерді киіп, бір-бірімізге жылы лебіз айту,иосы қыстан аман-есен шыққанымызға ыстық тілектерімзді айту ол дәстүрге айналып кеткен»,

Көрісу күні жастарға арналған «Сәлем, қазақ елі» деп аталатын концертпен аяқталды. Мұндағы басты мақсат бұл мерекені тек үлкендер емес, жастар да түсініп қазақы дәстүрімізді жаңғыртса деген ой.

Бұл ұлық мейрамның бір күндік іс-шарасы ғана. Қалада Ұлыстың ұлы күніне арналған шаралар 24 наурызға дейін жалғаспақ.

Мөлдір Ибадуллаева