ӨКМ Операторы ескі көлікті сертификатқа қабылдау бағдарламасының 2020 жылы жүргізген жұмысына қорытынды жасады. Өткен жылдың нәтижесі бойынша қазақстандықтар тозығы жеткен 8 651 техниканы жеңілдік сертификаттарына айырбастаған.
Соның нәтижесінде қазақстандық автоөндірушілерден су жаңа көлік құралдарын немесе ауылшаруашылық техникаларын сатып алу кезінде жеңілдік сертификатын пайдаланған.
Айталық осы бағдарлама бойынша былтыр 5 352 жеңіл автокөлік, 415 бірлік жүк көлігі, жолаушылар тасымалдайтын 12 көлік және 2 дана агротехника сатып алынды. Осы машиналарды сатып алу үшін 11 076 жеңілдік сертификаты қолданылған.
2020 жылы жеңілдік сертификаты арқылы саудаланған көліктердің көшін Hyundai маркасы бастап тұр. Одан кейін Ravon мен Lada маркасы орналасқан. Kia мен Chevrolet үздік бестікті түйіндеп отыр.
Жаңа техника сатып алуға жеңілдік беретін сертификат бағдарламасы биыл да өз жалғасын табуда. Былтырдан бастап агротехниканы жоюға қабылдау басталған болатын. Тозығы жеткен ауылшарушылық техникасын тапсырғандарға берілетін жеңілдік сертификатының құны агротехниканың (өздігінен жүретін) түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланады.
Жеңілдік сертификатын отандық автоқұрастырушыдан су жаңа ауыл шаруашылығы техникасын немесе елімізде шығарылған жеңіл, жүк және жолаушылар көлігін сатып алатын кезінде пайдалануға болады. Айта кету керек бір көлік сатып алғанда 2 сертификатты біріктіріп қолдануға болады. Жеңілдік сертификаты тіркелген күннен бастап 12 айға жарамды.